Облыс әкімі Бородулиха ауданындағы шаруа қожалықтарында болды

Облыс әкімі Берік Уәли Бородулиха ауданына жұмыс сапары барысында өңірдегі ірі шаруа қожалықтарында болды. Петропавловка ауылындағы «Труд» шаруа қожалығында 60-қа жуық адам еңбек етеді.
Шаруашылық 6 мың гектарға жуық жерге дәнді және майлы дақылдар егеді. Былтыр мұнда 2 795 тонна бидай, 378 тонна арпа, 4 617 тонна күнбағыс өндірілген. Шаруа қожалығы ауыл шаруашылығына қажет заманауи техникалармен толық қамтылған. Мұндағы техника паркінде әртүрлі мақсаттағы 21 шетелдік трактор, 15 комбайн бар.
Аталған шаруа қожалығында астық тұқымын өндіру технологиясы жақсы жолға қойылған. Өнім шаруашылықтың қоймаларында сақталып, облыс аумағына таратылады.
Облыс әкімі көктемгі егіс науқанының жақындап қалғанын ескертіп, шаруа қожалықтарының сапалы астық тұқымымен қамтамасыз етілуінің маңызды екенін атап өтті.
Аймақ басшысы Бородулиха ауылындағы «Зәйтенов» шаруа қожалығының жұмысымен де танысты. 2001 жылы құрылған шаруашылықта 1400-ге жуық ірі қара бар. Оның 400-ден астамы – сауынды сиыр. Жыл сайын 124 тонна ет және 1 893 тонна сүт өндіріледі.
Шаруа қожалығы қазіргі таңда 14 мың гектарға жуық жерді игеріп отыр. Оның көпшілігі – егістік алқап. Өткен жылы шаруашылықта 4 895,3 тонна дәнді және дәнді бұршақты дақылдар, 3 043 тонна күнбағыс жиналған.
«Зәйтенов» шаруа қожалығы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісін де жолға қойған.
Шаруашылықта шұжық цехы, сүт өңдеу цехы жұмыс істейді. Онда өндірілген ірімшік, қаймақ, қаптамалы сүт, сары май аудан мен Семейде сұранысқа ие. Шаруа қожалығының жетекшісі Ерлан Зәйтенов облыс әкіміне осы өнімдерді өңірдегі мектеп, балабақшаларға жеткізуге дайын екенін айтып, қолдау көрсетуді сұрады.
«Ұсыныңыз орынды. Облыстағы мектеп, балабақша, аурухана секілді нысандарды жергілікті шаруа қожалықтарының сапалы, экологиялық таза өнімдерімен қамтамасыз ету керек. Табиғи өнімдерді тұтыну – ұлт саулығының кепілі» деді аймақ басшысы.
Semeynews.kz