Абай облысыДенсаулық сақтау
Облыста 2024 жылы туберкулезбен аурушаңдық деңгейі 7,2 % төмендеп, 224 жағдай тіркелген

Елімізде және өңірде 2025 жылдың 24-ші ақпан мен 24-ші наурыз аралығында Дүниежүзілік туберкулезбен күрес күніне арналған айлық өткізілуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгул Токтабаева мәлімдеді.
Облыста туберкулездің барлық түрінің 90,2%-ын тыныс алу мүшелерінің туберкулезі құрайды. Өткен жылы 202 жағдай анықталса, оның 44,5%-ы немесе 90 (14,8) жағдай бактерия бөлетін түріне жатады. Балалар арасында 11 жағдай тіркеліп, сырқаттанушылық көрсеткіші 7,2-ні құрады. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда бір жағдайға жоғары. Оның ішінде 90,9%-ында немесе 10 жағдайда тыныс алу мүшелерінің туберкулезі анықталғанымен, бактерия бөлетін түрі тіркелген жоқ, – деп атап өтті Айгул Токтабаева.
Спикердің айтуынша, ағымдағы жылдың екі айында туберкулездің 39 жағдайы тіркеліп, аурушаңдық деңгейі 4 жағдайға төмендеген. Дегенмен сырқаттанушылық көрсеткіші 6,5-ті құрап, республикалық деңгейден 18,1%-ға жоғары болып отыр.
14 жасқа дейінгі балалар арасында бір жағдай тіркеліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі жағдайға төмендеді. Ал жасөспірімдер арасында екі жағдай анықталып, бір жағдайға өскен. Балалар мен жасөспірімдер туберкулезді негізінен ересектерден жұқтырады. Бұл ересектер арасында дер кезінде анықталмаған туберкулез жағдайларының болуы ықтимал екенін көрсетеді. Ауруға шалдығу көбіне иммундық жүйесі әлсіреген адамдар арасында жиі кездеседі, – деді департамент басшысының орынбасары.
Оның айтуынша, Балалар арасындағы туберкулез бойынша негізгі профилактикалық іс-шаралардың бірі перинаталдық орталықтар немесе перзентханалар жағдайында жаңа туған нәрестелерге 2-4-тәулікте Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес туберкулезге қарсы егу жүргізу болып табылады. Жыл сайынғы флюорографиялық тексеруден уақтылы өтуі өкпе туберкулезі және кеуде қуысы органдарының басқа да ауруларын анықтаудың сенімді әрі қауіпсіз әдісі болып табылады.
14 жасқа дейінгі балалар арасында туберкулезді ерте және уақтылы анықтау мақсатында терішілік аллергиялық сынама туберкулин (Манту сынамасы) қолданылады. Манту сынамасы – нағыз ерекше диагностикалық тест. Сондай-ақ, туберкулезді дер кезінде диагностикалау мақсатында екі аптадан артық жөтелі бар және ауру белгілері байқалған науқастарға бактериологиялық зерттеу жүргізіледі. Бұл зерттеу барысында туберкулез қоздырғышын анықтау үшін қақырық жағындысын микроскопиялық жолмен зерттеу әдісі қолданылады. Сонымен қатар, аурудың клиникалық белгілері бар адамдарға жылдам молекулалық-генетикалық GeneXpert экспресс-тесті жүргізіледі. Бұл әдіс туберкулезді небәрі екі сағаттың ішінде анықтауға мүмкіндік береді, – деп қорытындылады Айгул Токтабаева.