СемейТОП

Семейде оқушыларға арналған әскери – спорттық жарыс өткізілді

Семейде №9 жалпы орта білім беретін мектебінде «Жас сарбаз» сыныптарының тәрбиеленушілеріне арналған әскери – спорттық жарыс өткізілді.

Жеңістің 80 жылдығы мен Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 36 жыл толуына орай ұйымдастырылған іс-шараға Семей қаласының жалпы білім беретін мектептерінен барлығы тоғыз команда қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай әскери-патриоттық шараларды жиі өткізіп тұрудың маңызы өте зор.

           – Бүгінгі жарысқа 5-6-7 сынып оқушылары қатысып отыр. Біздің мақсатымыз – олардың білімдерін толықтырып, әскери-патриоттық сезімдерін ояту. Осы арқылы олардың жігерін жанып, рухын оятып, отансүйгіштікке баулу. Бұл іс-шаралар жастарымызды кәсіби бағыттауға, әскери мамандарымыздың сабын толықтыруға септігін тигізеді деп сенеміз, – дейді Семей қаласы №9 жалпы орта білім берін мектебінің алғашқы әскери және технологиялық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы запастағы капитан Серік Хабаев.

Көп ішінен іріктеліп алынған үздіктер автоматты толық емес шашып, жинау, қорғаныш құралдарын уақытқа кию, нысана көздеу сынды әскери-эстафеталық сайыстар бойынша бақ сынады. Сайыс соңында  жеңімпаздар марапатқа ие болады. 1-орынды  Т.Аманов атындағы жалпы орта білім беретін мектебі, 2-орынды №28 жалпы орта білім беретін мектебі, 3-орынды №9 жалпы орта білім беретін мектебі иеленді. Барлық жеңімпаздар Кубоктармен және мадақтау қағаздарымен марапатталды.

 Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button