ШҚО

Өскеменде ашылғанына бес жыл болған мектепке бес батырдың есімі берілді

Өңірдегі «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының өркен жаюына Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қарқынды үлес қосуда. Оның бір айғағы күні кеше Өскемен қаласындағы жалпы білім беретін №49 орта мектебінде өткен оқушылардың ант қабылдау рәсімі өтті. Қабырғасы қаланғанына бес жыл болған білім нысанында ұйымдастырылған іс-шараға «Шығыс» өңірлік қолбасшылық қолбасшысының кеңесшісі, ардагерлер кеңесінің төрағасы отставкадағы полковник Айдар Оразбаев және 5518 әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары майор Серік Ноғаев қатысты.

– Шара мақсаты әскерге дейінгі жастардың бойына патриоттық рух дарыту. Сондықтан біз аймақтағы «Жас Бүркіт» әскери-патриоттық клубтарымен тығыз қарым-қатынастамыз. Ант қабылдау рәсімінен бөлек, ерлік сабақтары, ашық есік күндері сияқты әскери-патриоттық мазмұндағы көптеген іс-шараларды жиі ұйымдастырамыз, – дейді «Шығыс» өңірлік қолбасшылық қолбасшысының кеңесшісі, ардагерлер кеңесінің төрағасы отставкадағы полковник Айдар Оразбаев.

Шара барысында білім ордасында «Жас бүркіт» сыныптары ашылып, оларға тәжік-ауған шекарасында шейіт болған бес жауынгердің есімдері берілді. Атап айтсақ, қатардағы жауынгерлер Тахир Райымжанов, Еркебұлан Мақажанов, Бауыржан Далабаев, Жақсылық Жансүгіров, Имомаддин Жұматов ныспыларымен әскери-патриоттық сыныптары аталатын болады. Сонымен қатар Ұлттық ұланның ардагерлер кеңесінің мұрындық болуымен ант қабылдаған оқушылардың кеудесіне арнайы он жеті жауынгердің есімі жазылған төсбелгілер тағылды. Шара соңында ұйымдастырушы тарап, қоғамдағы заңдылық пен тәртіпті қорғап, бейбіт өмірге қол созған батырларды еске алу мен құрметтеу әрдайым ұрпақ жадында сақталуы тиіс екендігін сөз етті. Еске салайық, кадет сыныптарында әскери-патриоттық тәрбиеге мән беріліп, әскери қызметке дайындау іс-шаралары қамтылған.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button