Өңірлік өнім көлемі өсті

Абай облысында 2024 жылдың 9 айында жалпы өңірлік өнімнің көлемі 104,2 пайызды құрады. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында айтылды. Отырыста экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мария Осадчая өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2025 жылға қойылған міндеттер туралы баяндады. Мария Осадчаяның сөзіне қарағанда, жалпы өңірлік өнімдегі жоғары үлес өнеркәсіп, ішкі сауда, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік және қоймалау салаларына тиесілі.
Облыстың сыртқы сауда айналымы 2024 жылдың 11 айында 2,9 млрд. АҚШ долларын (1,5 трлн теңге) құрап, тиісті кезеңмен салыстырғанда 227,2%- ға өсті. Экспорт 303,8%, импорт 123,7% ұлғайды. Сыртқы тауар айналымының басым бөлігі Қытай Халық Республикасы және Ресей Федерациясымен арада болып отыр. Мемлекеттік бюджетке 2024 жылы облыстан 478,9 млрд теңге салық және басқа да міндетті төлемдер түсті. Нәтижесінде 2023 жылмен салыстырғанда жалпы өсім 186,3 % құраса, оның ішінде салық түсімдері 194,3%, – деді Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мария Осадчая өз баяндамасында.
Салық түсімдері 236,8% өсіммен республикалық бюджетке 343,3 млрд теңге (2023 жылы – 145,0 млрд теңге), жергілікті бюджетке – 121% өсу қарқынымен 135,6 млрд теңге түсті (2023 жылы – 112,1 млрд теңге).
2024 жылдың қорытындысында өңдеу өнеркәсібін есепке алмағанда, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық көрсеткіштері орындалды. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісінің көлемі өткен жылы 1,9 трлн теңгеге жетті, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 100,3%. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 453,3 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі – 107,7% құрады. Барлық аудандарда жоспар орындалды. Сүт өндірісі 2,5% – ға, ет өндірісі 2,3% – ға өсті. Жалпы облыста өткен жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне бюджеттік қаражат есебі және «Аграрлық кредиттік корпорациясы» АҚ, «КазАгроФинанс» АҚ арқылы 48,7 млрд теңге сомасында мемлекеттік қолдау көрсетілді.
Облысымызда пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы ауданы 363,2 мың шаршы метрді құрап, өсу қарқыны – 100,2% жетті. Халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы жалпы ауданы 80 мың ш. м. құрайтын 1 068 жалға берілетін пәтерлер сатып алынды.
Облыстың инвестициялық жобалар пулына енгізілген 3 жобаны биыл қолданысқа беру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, «СемАз» ЖШС «Әкімшілік-өндірістік корпус базасында өндірісті оқшаулау үлесін ұлғайта отырып, көлік құралдарын құрастыру бойынша өндірістік алаң құру», «Qazaq astyq Group» ЖШС «Күнбағыс майын құю және буып – түю желісімен тазарту цехын салу», «Казполиграф» ЖШС «Қағаз және картон бұйымдарын өндіру» жобаларын іске қосу арқылы 327 жаңа жұмыс орны ашылмақ, -деді басқарма басшысының міндетін атқарушы.
Шағын және орта бизнесте жұмыс істеп тұрған субъектілер саны 101,7% – ға өсіп, осы салада жұмыспен қамтылғандар саны 105,4 мың адамға өсті. Былтыр «Даму» қорымен кәсіпкерлерге 9,8 млрд теңге мемлекеттік қолдау көрсетілді. Облысқа салынған инвестицияның көлемі де 2023 жылмен салыстырғанда 107% артық.
Аймақ басшысы баяндама соңында жауапты тұлғаларға алға қойған міндеттерді тиянақты әрі уақытында орындауға тапсырма жүктеді.