Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тәлімгерлік қолдау беріледі
Семей қаласының арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығында 2020 жылдан бастап «Тәлімгерлер» жобасы жүзеге асырылуда. Жобаға 10-18 жас аралығындағы балалардың 80%-ы қамтылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Абай облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары Асем Нүскенова мәлімдеді.
«Тәлімгерлер» жобасы республикалық жеке қор «ДАРА» және Семей қаласындағы «Отбасы орталығы» қоғамдық қорының бастамасымен жұмыс істейді. Бүгінгі таңда облыс бойынша 5 жеке және 7 корпоративтік тәлімгер көмек көрсетуде.
– Былтырғы жылдың ақпан айында «Бала құқықтары туралы» заңға жетім балаларға арналған тәлімгерлік институтын енгізу туралы өзгерістер енгізілді. Осыған байланысты біздің өңірде «Тәлімгерлер» жобасы өз жұмысын жүргізуде. Жобаға 10-18 жас аралығындағы қамтылды. Атап айтқанда, жеке тәлімгерлікте – 7, корпоративтік тәлімгерлікте – 45 бала бар, – деп атап өтті Білім басқармасы басшысының орынбасары.
Балаларды қолдау орталығының педагогтері сабақты түрлі форматта ұйымдастырып, оқу орындарына және кәсіпорындарға экскурсиялар, ақпараттық әңгімелер, пікірталастар, семинарлар, әртүрлі мамандықтардың өкілдерімен кездесулер жасайды. Бұл балалардың психологиясына оң әсерін береді екен.
Сонымен қоса, брифингте Асем Нүскенова өткен жылдың соңында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау бойынша маңызды қадамдар жасалғанын айтты.
– Жылдың соңында Сенат балаларды отбасына орналастыруына қатысты заң қабылдады. Ол балалардың тұрмыс жағдайын жақсартып, қолайлы ортада тәрбиеленуін қамтамасыз етуге бағытталған. Балалардың отбасында болу мерзіміне қарай, материалдық ынталандыру мақсатында әр бала үшін ай сайын 10 АЕК мөлшерінде жәрдемақы төлеу және әр кәсіби тәрбиешіге 70 АЕК мөлшерінде ақы төлеу қарастырылуда. Жалпы, бүгінгі күні Абай облысы ойынша кәсіби қабылдаушы отбасы жоқ,- дейді Асем Нүскенова.
«Бала құқықтары туралы» заңда балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтетін және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін 70-тен астам түзетулер енгізілген. Сондағы жаңашылдықтардың қатарында тәулік бойы көмек көрсету қызметін атқаратын «111» байланыс орталығы бар. Оның жұмысына Абай облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Эльзира Солтабаева жеке тоқталды.
– Өткен жыл қамқоршылық және қорғаншылыққа қатысты барлық салаларда көптеген өзгерістер болды. Қамқоршылық және қорғаншылық қызметін мемлекеттік деңгейде құқықтық реттеу маңызды факторға айналды. Қамқоршылық органдарының штаттық саны заңмен бекітіліп, әр 5 мың балаға кемінде бір маман тағайындалу көзделген. Бұл олардың жұмыс тиімділігін арттырмақ. Сондай-ақ «111» орталығы осындай жағдайға қатысты жедел көмек көрсетеді. Егер балаларға қатысты кез келген сұрақ немесе қиындықтар бойынша көмек алу үшін ата-аналар, мектептер, әлеуметтік қызметкерлер немесе басқа да тұлғалар осы байланыс орталығына хабарласып, қажет ақпарат пен қолдау ала алады, – деп түйіндеді Эльзира Солтабаева.
Қазіргі таңда қамқоршылық және қорғаншылық функцияларын қалалық және аудандық білім бөлімдері атқарады. Абай облысы бойынша қамқоршылық және қорғаншылық органдарында барлығы 22 маман жұмыс істейді. Оның ішінде: 9 мемлекеттік қызметші (1 бос орын) және 13 әдіскер (3 бос орын).