Аймақ басшысы өлкетанушылармен кездесті
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев «Прииртышье» өлкетану қоғамының мүшелерімен кездесті. 20 жылдық тарихы бар өлкетану қоғамы өңіріміздегі тарихи жәдігерлерді түгендеп, оларды сақтап қалу жолында еңбек етіп келеді.
Кездесу барысында өлкетанушылар өздерінің атқарған жұмысынан ақпарат беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ аймақ басшысымен бірлесе қаладағы тарихи нысандардың болашағын талқылады.
Семейдегі тарихи нысандардың келбетін сақтап қалуға өзім де мүдделімін. Осы қаланың тумасы болғаннан кейін әр көне ғимараттың қандай тарихи оқиғалармен қатысы бар екенін бір кісідей білемін. Жергілікті атқарушы билік тарапынан қала тұрғындары үшін маңызы ерекше нысандарды бей-берекет бұзған азаматтармен заң аясында тиісті жұмыс жүргізілуде. Алайда, біз қолдағы барымыздан айырылып қалмас үшін сіздермен бірлесе отырып, тарихи ғимараттар тізімін қайта жасап шығуымыз керек, – деді облыс әкімі.
Кездесу барысында мемлекет қорғауындағы тарихи нысандарды қалпына келтіру жайы да сөз болды. Сондай-ақ тараптар қаланы көркейтуге қатысты пікір алмасты. Мәселен, өлкетану қоғамының мүшесі Владимир Боровинский биылғы мамыр айында жас өлкетанушылар слетін өткізуді жоспарлап отырғандығын жеткізді. Осыған байланысты облыс әкімі қажетті көмектің жасалатындығын айтты.
Біз өлке тарихын зерттеу, табылған тың деректерді халыққа дәріптеу сияқты жұмысымызды жалғастыра береміз. Биылғы жылға жоспарлап отырған кезекті істеріміз бар. Осыған орай сіздермен қарым-қатынаста боламыз, — деді «Прииртышье» өлкетану қоғамының төрағасы Марат Сасанов.
Төрағадан бөлек Николай Исаев, Екатерина Гуляева, Ольга Исаева, Асқар Садиков, Александр Люй сынды өлкетенушылар өз ойларын ортаға салды. Облыс әкімі өлкетанушылар тарапынан айтылған ұсыныстарды жан-жақты талқылап, оң шешім шығару үшін басқарма басшылары мен қала әкіміне тиісті тапсырма жүктеді.