Жас маман баспаналы болды
Абай облысында ауылға барып жұмыс істеп жатқан жас мамандар баспанамен қамтамасыз етілуде. Қарағаш ауылдық округі — Аягөз ауданындағы елді-мекендердің бірі. Халық саны 600-ге жуықтайды. Жуырда осы ауылда қос бірдей отбасы қоныс тойын тойлады.
Жаңа баспанаға ие болғандардың бірі – Аманбол Қабдолов. «Дипломмен ауылға бағдарламасымен келіп, Ж.Жабаев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің спорт үйлестірушісі болып еңбек етуде. Отбасылы жас маман ауыл жастарының спортпен шұғылданып, физикалық дамуына үлес қосуда.
Әр ер азамат үшін баспаналы болу басты міндет. Басқа ауылдың тумасы болсам да, «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен Қарағашқа келіп, өзіме берілген мүмкіндікті пайдалануды дұрыс деп шештім. Бұл шешімімнің дұрыс болғанына қуанып отырмын. Енді міне баспаналы болдым. Үкімет ауылға барам, жұмыс істеймін деген жастарға үлкен көмек беріп отыр, – дейді жас маман.
2021 жылы баспана кезегіне тұрған көпбалалы әрі жалғызбасты ана Зайрагүл Сәдуақасова да жаңа баспанаға ие болды. Балаларының алды студент, кенжесі 10 жастағы ана ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пунктте медбике болып жұмыс істейді. Қуанышқа кенелген ауылдастарын құттықтаған қарағаштықтар жаңа үйге шашу шашып, құтты болсын айтысты.
Қазіргі таңда ауылдық округ бойынша 8 адам үй кезегінде тұр.