Ұландықтар өткен жылы екі мыңнан астам қылмыстың бетін ашып, әскери қызметшілердің еңбегі еленді
Айналасын шолып, қала көшелерін бақылауға алған Ұлттық ұлан сарбаздарына ел сенім артады. Өйткені, мерзімді әскери қызметшілердің қоғамға тигізіп жатқан пайдасы белден асады. Әсіресе, Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты сарбаздары өткен жылдың ішінде екі мыңға жуық тәртіпсіздіктің жолын кесіпті. Бұл былтырғы жылдың қорытындысы ғана.
– Мерзімді әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығы жоғары деңгейде. Қазіргі таңда синтетикалық заттарды тасымалдаушылар саны жиіледі. Сондықтан мерзімді әскери қызметшілер назарға іліккен әрбір адамды жіті бақылауда ұстайды. Сондай-ақ олар орын алған оқиғаның ізін суытпай ашуда белсенділік танытады. Жауынгерлерге шексіз алғысын білдіріп, әскери бөлімге келетін қала тұрғындарының саны басым, – дейді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы жауынгерлік даярлық басқармасының бастығы, полковник Сергей Сергеев.
Қоғам тыныштығын бақылауда басынан бақайшағына дейін жауынгерлік рух есетін ұландықтардың ұстамы берік. Ауа-райының қыңыр мінезіне қыңқ етпейтін қырағылық қырандары қала тұрғындарының есендігі үшін ессіз ерлікке баруға әркез даяр. Өткен жылы өлшеусіз ерлік танытқан әскери қызметшілердің еңбегі еленді. Атап айтсақ, Мемлекет басшысының үкімімен Үлбі өзеніне батқан қызды құтқарған 6699 әскери бөлімінің әскери қызметшісі ефрейтер Пермабек Жанасбек III дәрежелі Айбын орденімен марапатталды.
Ал, 3477 әскери бөлімінің штаб бастығы подполковник Денис Шемет оқу-жаттығу кезінде көрсеткен өлшеусіз ерлігі үшін Бауыржан Момышұлы атындағы II дәрежелі Айбын орденіне ие болды. Қала тыныштығын қамтамасыз ететін Ұлттық ұланның сарбаздары өңірдегі түзеу мекемелерін сондай-ақ мемлекет үшін аса маңызды мекемелерді де баса назарда ұстайды. Биылғы жылы жауынгерлер темір тордың ар жағына тыйым салынған заттарды лақтырмақ болған алпыстан астам күдіктінің жолы кесіпті.
Биыл Ұлттық ұланның құрылғанына 33 жыл толды. Бұл уақыт ішінде құқықтық тәртіп әскерінде қызмет етуге құлшынысы артқан азаматтар қатары көп. Әсіресе, өткен жылы Отан алдындағы борышын өткеруге келген сарбаздың сексенге жуығы келісімшарт бойынша қызметке тұрды.
ҚР Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі.