Абай облысының аудандарында баспана кілттері табыс етілді
Абай облысының бірнеше ауданында көпбалалы отбасыларға, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға, басқа да кезекте тұрған жандарға жаңа үйлердің кілті табысталды. Бұл халықты тұрғын үймен қамтып, өмір сүру сапасын арттыруда мемлекеттік саясатты іске асырудағы маңызды қадам болды.
Аягөз ауданының Майлин ауылдық округінде көпбалалы отбасыларға 2 пәтерлі 2 үйдің кілті табысталды.
Дәл осындай қуанышты оқиға Абай ауданының Қарауыл ауылында да болды, 28 шаңырақ жаңа баспанаға қол жеткізді. Аудан бойынша 8 ауылдық округ және 1 елді мекенде 70 пәтердің құрылысы аяқталып, мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға табысталды.
Үржар ауданының Үржар және Бестерек ауылдарында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар да қоныс тойын тойлады. Аудан әкімі Ақылбек Башимбаев Бестерек ауылында баспаналы болған 8 отбасын және Үржар ауылындағы 38 отбасын құттықтап, ізгі тілегін білдірді. 2024 жылы Үржар ауданының 12 елдімекенінде 41 қоспәтерлі үй салынып, 82 отбасы баспаналы болды.
Бородулиха ауданында да әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдау жалғасуда. Биыл ауданда 5 көп балалы, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған 3, 24 толық емес отбасы мен 2 зейнеткер жаңа үйге ие болды. Осы 34 баспананың 20-сы Бородулиха ауылында орналасқан.
Жаңа үйлердің ауданы кемінде 89 шаршы метрді құрайды. Жеке қазандықтармен жабдықталған және орталықтандырылған сумен жабдықтау және жергілікті кәріз жүйесі сияқты барлық қажетті коммуникациялармен қамтамасыз етілген.