2024 жылы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған мемлекеттік әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарын іске асыру, халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту және еңбек саласындағы әділеттілікті қамтамасыз ету жөнінде кешенді шаралар қабылдай отырып, жұмысты жалғастырды.
Соның шеңберінде әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту, еңбек құқығын қорғау және мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік инклюзияны қамтамасыз ету бағытында маңызды қадамдар жасалды. Министрліктің биылғы қызметі цифрландыруға және барлық процестің ашықтығын арттыруға бағытталғанын атап өткен жөн, бұл халық үшін әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Бұл туралы Primeminster.kz сайты хабарлайды.
Әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жинақтарын арттыру
2024 жылғы маңызды қадамдардың бірі базалық және ортақ зейнетақыларды, сондай-ақ мемлекеттік жәрдемақыларды индекстеумен байланысты әлеуметтік төлемдерді арттыру болды. Инфляцияның болжамды деңгейін ескере отырып, төлем мөлшері ұлғайтылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төменгі базалық зейнетақыны ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-на дейін, ең жоғарғысы – 120%-ға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылады. Мәселен, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінен 60%-дан 65%-ға дейін өсті, бұл 28 215 теңгені құрайды, ең жоғары мөлшері – ең төменгі күнкөріс деңгейінен 100%-дан 105%-ға дейін, бұл 45 578 теңгені құрайды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де өскелең ұрпақтың болашақ зейнетақылары деңгейін арттыру бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастырды. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын кезең-кезеңімен іске асыру басталды, олар жұмыс істейтін 4,3 млн-нан астам азаматтың шотына аударылды.
2024 жылы зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қолдауға ерекше назар аударылды. Жаңа арнайы әлеуметтік төлем енгізіліп, ол 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап 13 мың адамға тағайындалды.
Жалпы, 2024 жылы республикалық бюджеттен әлеуметтік төлемдерге 5,3 трлн теңге бағытталды, бұл еліміздің бюджет шығыстары жалпы көлемінің 22%-ын құрады. Бұл қаражат зейнетақы мен жәрдемақы алатын 4,5 млн азаматқа, оның ішінде 2,4 млн зейнеткер мен 2,1 млн түрлі әлеуметтік төлем алушыларға бөлінді. Нәтижесінде, мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемесі мерзімінде әрі толық көлемде орындалды.
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және кәсіптік бағдар беру шаралары
Жұмыспен қамту саласында Министрлік жұмыссыздықты азайтуға және жұмыспен қамту процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған шараларды іске асыруды жалғастырды. Азаматтарды жұмысқа орналастыруды жоспарлауға және еңбек нарығының қажеттіліктерін анықтауға мүмкіндік беретін өңірлік Жұмыспен қамту карталарының бекітілуі – маңызды қадамдардың бірі.
2024 жылы 948 мың қазақстандықты жұмысқа орналастыру жоспарланған болатын, желтоқсан айының басында 845 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылғаны мәлім болды, бұл жылдық жоспардың 89%-ын құрады.
- Еңбек министрлігі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары кешенін іске асыруда, оның арасында қызметкерлерді кәсіпке оқыту мен қайта даярлау маңызды рөл атқарады. Биыл жұмыс берушілердің қажеттіліктерін ескере отырып, 9,6 мың жұмыссыз азамат үшін қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылды. Сонымен қатар skills.enbek.kz платформасында 50 мыңнан астам адам онлайн оқытудан өтті, бұл олардың біліктілігін арттыруға және еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік берді.
- Бұдан басқа, жалақыны субсидиялау бағдарламалары белсенді жүзеге асырылуда. Оған қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары, жастар тәжірибесі және «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» және «Күміс жас» жобалары кіреді. Осы бағдарламалар аясында 180 мыңнан астам адам субсидияланатын жұмыс орындарына орналастырылды.
- Кәсіпкерлікті қолдау және жаңа жұмыс орындарын құру үшін «Бастау Бизнес» жобасы жалғастырылды, оның шеңберінде кәсіпкерлікке оқытудан өткен азаматтар өздерінің микробизнесін ашуға өтеусіз гранттар ала алады. 2024 жылы мұндай көмекке 8,9 мың адам қол жеткізді.
Жұмыспен қамту саласындағы жаңа жетістіктердің бірі азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктер ашқан цифрлық шешімдерді енгізу болды. Атап айтқанда, «Mansap Compasy» платформасы іске қосылды, ол мамандық таңдау және мансап жолын жоспарлау құралына айналды. Платформа сұранысқа ие мамандықтар, оқыту талаптары, гранттар мен тағылымдамаларға қол жеткізу мүмкіндіктері туралы өзекті ақпаратты ұсынады. Бұл мектеп түлектері мен студенттерге болашақты бағдарлауға көмектеседі әрі жастардың жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықпал етеді.
Студенттер практикалық дағдыларды игеру үшін Электронды еңбек биржасында өндірістік практикадан өту орнын табуға көмектесетін функционал іске қосылды. Нәтижесінде студенттер нақты дағдыларға ие болады және бәсекеге қабілеттілігі артады.
Мемлекеттік инвестициялардың тиімділігін арттыру үшін сапалы жоспарлау маңызды аспект болып саналады. Осы мақсатта Жобалардың инновациялық навигаторы әзірленді. Бүгінгі таңда жүйеде жоспар бойынша 150 мың жұмыс орны ашылатын 755 инвестициялық жобаға мониторинг жүргізілуде. Кейіннен осы платформа арқылы мемлекеттік бастамалар шеңберінде іске асырылатын барлық жобаларға мониторинг жүргізу жоспарланып отыр. Бұдан басқа, Министрлік өңірлер мен салалар бөлінісінде «сапалы жұмыс орындарын» мониторингтеудің ақпараттық жүйесін пайдаланып жатыр.
«Сапалы жұмыс орны» тұрақты жұмыспен қамтылған, қауіпсіз еңбек жағдайлары, кәсіби даму және мансаптық өсу мүмкіндіктері бар, еңбек құқықтары мен әлеуметтік қорғалуы қамтамасыз етілген жұмыспен қамтуды білдіреді. Өткен жылы Қазақстанда осындай 2,27 млн жұмыс орны болған. Алдағы 3 жылда бұл көрсеткішті 824 мыңға арттыру жоспарланып отыр.
Еңбек құқығын қорғау және өндірісте жарақат алуды азайту
2024 жылы Министрлік еңбек жағдайларын жақсарту және жұмысшылардың құқығын қорғау үшін айтарлықтай қадамдар жасады. Маңызды жетістіктердің бірі еңбек инспекциясын жергілікті атқарушы органдардан Министрліктің қарамағына алу болды. Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті аумақтық бөлімшелерімен бірге құрылды. Бұл еңбек заңнамасының сақталуын бақылаудың тәуелсіз вертикалын құруға мүмкіндік берді.
Заң және кадр қызметін орталықтандыру есебінен аумақтық инспекциялар деңгейінде тікелей еңбек инспекторларының саны ұлғайды. Бұл өз кезегінде қызметкерлердің құқығыы мен мүддесін қорғауды, еліміздің кәсіпорындарындағы қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге, сондай-ақ еңбек даулары мен жанжалдардың туындау тәуекелдерін азайтуға ықпал ететін болады.
Нәтижесінде, қызметкерлердің еңбек құқығының сақталуын, оның ішінде жалақының кешігуіне қатысты тексеру күшейтілді. Мәселен, 2024 жылдың 11 айында 277 кәсіпорында 4,4 млрд теңге сомасына жалақы бойынша берешек анықталып, 17,5 мың қызметкер өз жалақысын алды.
Сонымен қатар жүргізілген тексерулер барысында 7 583, атап айтқанда, еңбек саласында – 5 723; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 1 793; халықты жұмыспен қамту бойынша – 67 құқық бұзушылық анықталды. Жұмыс берушілерге 2 998 ұйғарым беріліп, 371 млн теңгеге 3 359 әкімшілік айыппұл салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 33 мыңнан астам қызметкердің еңбек құқығы қорғалды.
Биылғы 11 айда республикадағы кәсіпорындарда 1 211 адам зардап шекті. Зардаптың кесірінен қайтыс болғандар саны 178 адамды құрады.
Еңбек жағдайларын жақсартудағы маңызды қадамдардың бірі нақты уақыт режимінде әртүрлі кәсіпорындардағы еңбек жағдайлары мен кәсіби тәуекелдерді бақылауға мүмкіндік беретін кәсіпорындардың цифрлық картасын енгізу. Кәсіби тәуекелдерді бағалау жүйесі өндірісте жарақат алу деңгейін төмендетудің маңызды құралына айналды. Қабылданған шаралар нәтижесінде Қазақстанда өндірісте жарақаттану деңгейі 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,4%-ға төмендеді, бұл еңбек қауіпсіздігі саласындағы оң өзгерістерді көрсетеді.
2024 жылы платформалық жұмыспен қамту саласындағы еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған бірнеше заңнамалық бастамалар енгізілді. Атап айтқанда, такси жүргізушілері мен платформалық қызметтерге тартылған басқа жұмысшылар үшін әлеуметтік кепілдіктер әзірленді, бұл олардың әлеуметтік қорғалуын едәуір жақсартты.
Мүгедектігі бар адамдарды қолдау
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің 2024 жылғы маңызды басымдықтарының бірі мүгедектігі бар адамдардың тұрмыс сапасын жақсарту болды. Наурызда Қазақстан БҰҰ-ға Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияның ережелерін орындау туралы алғашқы баяндамасын ұсынды. 2024 жылы Мүгедектігі бар адамдардың құқығын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспарды іске асыру аяқталды. 2019 жылы басталған жоспар ерекше қажеттіліктері бар адамдардың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған 95 іс-шараны қамтыды және 2024 жылы осы іс-шаралардың едәуір бөлігі аяқталды.
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау шеңберінде «Оңалтудың техникалық құралдарының инновациялық фабрикасы» пилоттық жобасы іске қосылды, оның шеңберінде төрт пилоттық өңірдің балалары оңалтудың қымбат техникалық құралдарына қол жеткізді. Бұдан басқа, мүгедектігі бар адамдар үшін еліміздің әртүрлі өңірлерінде 22 мыңнан астам нысан бейімделді, бұл инфрақұрылымға қол жеткізуді айтарлықтай жақсартты.
Сондай-ақ 2024 жылы 2030 жылға дейін жұмыс істейтін инклюзивті саясат тұжырымдамасының жобасы әзірленді. Тұжырымдама мүгедектіктің медициналық-әлеуметтік моделінен әлеуметтік-құқық қорғау моделіне көшу үшін жағдай жасауға бағытталған.
Инклюзивті саясатты іске асырудың жаңа тәсілдері мүгедектігі бар адамдардың құқығын қолдауға және мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған пәрменді шаралар кешенін қабылдауды көздейді. Осылайша, мүгедектігі бар адамдардың тұрмыс сапасын жақсарту және қоғамға толыққанды интеграциялау үшін қажетті жағдай жасау жөніндегі жұмыс Инклюзивті саясат тұжырымдамасы шеңберінде жалғасады.
Көші-қон саясаты және қоныс аударушыларды қолдау
Биыл FSM Social мобильді қосымшасы арқылы қоныс аударушылар мен қандастарды жергілікті қоғамдастыққа бейімдеу және интеграциялау бойынша қызметтер кеңейтілді. Қосымша 25 қызмет көрсетуді көздейтін қандастар мен қоныс аударушылар үшін бейімдеу мен интеграциялаудың жеке жоспарларын бекітуге жәрдемдеседі. Жеке жоспарда қамтылған мәліметтер көрсетілген қызметтердің нәтижесін мониторингтеу мүмкіндігімен Отбасының цифрлық картасында көрсетіледі. Бейімделу және интеграциялық қызметтермен 12 мыңға жуық қандас пен қоныс аударушылар қамтылды.
Биылғы қазан айынан бастап алты өңірде пилоттық режимде migration.enbek.kz порталының мобильді қосымшасы арқылы «қандас» мәртебесін беру және «Ата жолы» картасын ресімдеу қызметі іске қосылды.
Заңнамалық бастамалар шеңберінде қоныс аударушылардың конкурстан тыс тәртіппен бес жылға дейінгі мерзімге ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін алу құқығын, сондай-ақ материалдық көмекті есепке алу үшін шоттардан ақша өндіріп алуға тыйым салуды көздейтін түзетулер қабылданды.
Сондай-ақ тұрғын үй сатып алу үшін экономикалық ұтқырлық сертификатын берудің қолданыстағы тетігін және қала тұрғындарының ауылдық елді мекендерге көшуін ынталандыру бөлігінде облысішілік қоныс аудару тетігін қайта қарауға бағытталған түзетулер әзірленді.
Осы жылы қазақстандық қызметкерлердің білімін трансферттеу және біліктілігін арттыру мақсатында Шетелдік мамандар үшін талап етілетін кәсіптердің тізбесі кеңейтілді. Сондай-ақ қазақстандық қызметкерлерге тәлімгерлікті ұйымдастыру қағидалары және шетелдік жұмыс күшін тартатын жұмыс берушілерге қойылатын талаптар бекітілді.
Шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқығын қорғау үшін Қатармен ратификациялау сатысында тұрған екіжақты келісімге қол қойылды. Қазақстанның Корея Республикасымен жұмысқа орналасуға рұқсат беру жүйесіне (Employment Permit System) қосылуы жөніндегі келісім белсенді пысықталу кезеңінде тұр.
Бұдан басқа, Ұлыбританиямен Еңбек көші-қоны саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою мәселесі қарастырлуда.