Аймақ басшысы әлеуметтік нысандардың жұмысын тексерді
Аягөз ауданына жасаған жұмыс сапары аясында облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев бірнеше әлеуметтік маңызға ие нысандардың жұмысын тексерді. «Аягөз Жылу» КММ-нің «Орталық», «Солтүстік», «Мектеп» жылу қазандықтары мен осыдан біраз уақыт бұрын өрт шыққан ”
«БЭСК» АҚ қарасты қосалқы стансасына барды.
Аймақ басшысы аралаған 3 қазандық 2 жарым мыңға жуық абонент, 71 көпқабатты үй, 9 әлеуметтік, 191 коммерциялық нысанға қызмет көрсетеді. Әр қазандықта жауапты адамдармен тілдескен әкім қандай мәселелер бар екенін сұрады.
Қазандық басшыларының айтуынша, жылу қажетті деңгейде беріліп отыр. Отын қоры жеткілікті. Жұмыс күшінде тапшылық жоқ. Техникалар сақадай сай.
Ауа-райын дөп басып болжау мүмкін емес. Қыстың аязды күндеріне дайын болуымыз керек. Тұрғындарды тоңдырмай, жылу маусымын ойдағыдай аяқтау жергілікті биліктің міндеті. Аягөздегі жылу менің жіті бақылауымда болады, – деді облыс әкімі.
Аягөз қосалқы стансасына да арнайы ат басын бұрған аймақ басшысы мамандардан стансаның бүгінгі жұмыс барысын сұрады. Қазір станса да өрт шалған электр желілерін жаңарту жұмысы жалғасуда.
Облыс әкімі энергетиктер мен аудан әкіміне оқыс оқиғаның қайталануына жол бермеу керектігін айтып, нақты тапсырмалар берді.