Абай облысыТОП

Бейбітшілік пен келісім: Ішкі саясат басқармасының 2024 жылғы жұмыстарының нәтижелері мен жетістіктері

Басқарма басшысы Айдар Садырбаев атап өткендей, биыл өңірде этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға бағытталған әртүрлі форматтағы мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылған.

Басқарма басшысының айтуынша, облыста 5 достық үйі мен 49 этномәдени бірлестік жұмыс істейді.

– Биыл өткізілген іс-шаралардың қатарында жастарға арналған ETNO-FEST және «Этнохалық» фестивальдері, ақсақалдар арасында өткен «Ақ бата – асыл мұра» облыстық бата байқауы және басқа да шаралар бар. Қазіргі таңда басты оқиға – дәстүрлі түрде біздің өңірде өтетін «Достық — 2024» байқауы болып отыр. Байқау облыс әкімінің тікелей қатысуымен өтіп, этномәдени бірлестіктер арасында жеңімпаздар анықталды, – деді Айдар Садырбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Сонымен қатар, басқарма басшысы еріктілердің жұмысына ерекше тоқталды. Облыста шамамен 4,5 мың ерікті бар.

– Еріктілер мәселесі өзектілігін жоғалтқан жоқ және бұл әрқашан жүректен шығатын ізгі қадам. Біздің облыста қалалар мен аудандар бойынша шамамен 4 500 ерікті жұмыс істейді. Сонымен бірге 8 ресми тіркелген ұйым және 20-дан астам бастамашыл топ бар. Олардың негізгі қызметі – аға буынға қамқорлық көрсету. «Жылы жүрек», «Ардагерлерді ардақтайық» сынды акциялар өткізілуде. Өз тарапымыздан біз олардың әрекеттерін үйлестіруге тырысамыз. Еріктілер пандемия кезінде, сондай-ақ табиғаттың сынақтарымен күрес кезінде өздерін көрсетті, – деп атап өтті Айдар Садырбаев.

Сондай-ақ спикер алдағы жылы маңызды оқиғаларға толы болатынын айтты.

– Келесі жылы еліміз Конституцияның 30 жылдығын, Жеңістің 80 жылдығын, сондай-ақ ұлы Абайдың 180 жылдығын атап өтеді. Абай – әлемдік деңгейдегі ойшыл болғандықтан, мерейтойлық шаралар республика көлемінде өтеді. Біз, Абайдың отаны ретінде, шет қалмаймыз. Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай республикалық «Ассамблея жастары» Абай оқулары және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «30 қайырымды іс» жобасы іске асырылатын болады, – деді спикер.

Айдар Садырбаевтың айтуынша, облыста 49 кәсіподақ ұйымы, 184 діни бірлестік, 49 этномәдени бірлестік, 225 қоғамдық бірлестік (оның ішінде 21 жастар ұйымы) және 142 қоғамдық қор тіркелген.

– Облыс әкімдігі жанынан үкіметтік емес ұйымдармен өзара әрекеттесу және ынтымақтастық жөніндегі кеңес құрылған. Кеңес құрамына 15 адам кірді. 2024 жылы азаматтық қоғам институттарымен бірлесіп 500-ден астам іс-шара өткізілді, – деп қорытындылады Айдар Садырбаев.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button