Абай облысында үздік энергетиктер марапатталды
Энергетиктер күніне орай Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев сала қызметкерлерінің кәсіби жетістіктері мен облысты дамытудағы үлестерін атап өтті. Шарада өз еңбектерімен көзге түскен энергетиктер мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды.
Баршаңызды кәсіби мереке – Энергетиктер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Облыстың өркендеуі мен әлеуметтік тұрақтылығына қажыр-қайратын арнаған сала мамандары қашан да жоғары құрметке ие. Адал еңбектеріңіз бен өңіріміздің болашағын жарқын етуге қосқан үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімі.
Табысты еңбектері үшін бір топ сала қызметкерлеріне ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені, «Ерен еңбегі үшін», «Электр энергетикасы саласына қосқан үлесі үшін» медальдары, «Еңбек сіңірген энергетик», «Құрметті энергетик» төс белгілері, сондай-ақ Энергетика министрлігінің Құрмет грамотасы табыс етілді.