Биыл облыстық бюджет қаражаты есебінен 89 қала құрылысы жобасы әзірленген
2022 жылға дейін Абай облысы бойынша 55 елді мекен бас жоспарлармен қамтамыссыз етілген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде Абай облысының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ануар Бейсенов мәлімдеді.
– Ағымдағы жылдың басынан бастап басқарма жер комиссиясының 15 отырысын ұйымдастырды. Жер қойнауын пайдалану мақсаттары және қорғаныс мұқтаждары үшін жер беру туралы қаралған өтініштердің жалпы саны 111-ді құрады. Оның ішінде 43 оң қаралды – деді Ануар Бейсенов.
Сонымен қатар, басқарма басшысының міндетін атқарушы өңірдегі елді мекендер үшін қала құрылысы құжаттарын кезең-кезеңімен әзірлеу бойынша жол картасы жұмыс істейтіндігін жеткізді.
– Бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын дамыту үшін 2023 жылы Абай облыс әкімдігі облыстағы қала құрылысы құжаттарын кезең-кезеңімен әзірлеу және түзету жөніндегі жол картасын бекітті. 2024 жылы облыстық бюджет қаражаты есебінен 89 қала құрылысы жобасы, оның ішінде Семей қаласының бас жоспары әзірленді, – деп атап өтті спикер.
Өңірде жайылымдық жерлермен халықтың мұқтаждығын қанағаттандыру мақсатында, жайылымдардың жаңа алаңдарын айналымға енгізу бойынша жұмыстар да жүргізілуде.
– Ағымдағы жылдың басынан бастап облыс бойынша 521,0 мың га, жоспар бойынша 92,6 мың га жайылым айналымға енгізілді. Оның ішінде конкурс негізінде 91,8 мың га берілді, ауылдық округтер мен елді мекендерге 0,8 мың га бекітілді. Өткен 2023 жылы жоспар бойынша 512,0 мың га, ауыл шаруашылығы жерлері 306,4 мың га айналымға енгізілді, – деп қосты Ануар Бейсенов.
Брифинг соңында спикер бүгінгі күні Абай облысында жер учаскесін алуға кезекте 38 432 адам , оның ішінде Семей қаласы бойынша 29 753 адам, Курчатов қаласы бойынша 1 163 адам тұрғандығанда мәлімдеді.
2020-2021 жылдар аралығында ЖТҚ үшін 459 жер учаскесі берілді. Қазіргі уақытта Семей және Курчатов қалаларында учаскелерді бөлуге дайындалған алаңдардың болмауына байланысты ЖТҚ үшін жер учаскелерін беру жүзеге асырылмайды.