Абай облысында «Достық-2024» байқауының жеңімпаздары марапатталды
Абай облысында этномәдени бірлестіктер арасындағы «Достық-2024» байқауының қорытындысы шықты. Бұл байқау этномәдени бірлестіктердің жұмысын жандандыруға, қоғамдық келісімді, бірлікті нығайтуға және өңірде тұратын барлық этностардың мәдени мұрасын сақтауға бағытталған.
«Достық-2024» платформасы әрбір этностың мәдениетін дәріптеп, қоғамға қосқан үлесін бағалап, тәжірибе бөлісетін, шығармашылық жетістіктер мен жобалармен алмасу алаңына айналды.
Ел бірлігі – елдігіміздің арқауы, тәуелсіздік тірегі!.. Адал еңбек, риясыз көңілдің арқасында сіздер – татулық пен келісімнің жарқын үлгісін көрсетіп келесіздер. Соның дәлелі – бүгінгі «Достық» байқауы. Бұл – өңіріміздегі этнос өкілдерінің мәдениеті мен дәстүрін құрметтеп, береке-бірлігімізді нығайтуға бағытталған маңызды шара. Қашанда белсенді азаматтық ұстаным, ел тыныштығы мен ұлт тұтастығын көксеген сіздердің еңбектеріңіз орасан зор!, — деді облыс әкімі өз сөзінде.
Биыл жеңімпаздар төрт номинация бойынша анықталды. Андрей Артемов ел бірлігін нығайтуға, бейбітшілік пен келісімді сақтауға, сондай-ақ рухани мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» қоғамдық Алтын медалімен марапатталды.
Әскербек Молбаев Қазақстан халқының бірлігін, қоғамдық келісім мен қазақстандық патриотизмді нығайтуға қосқан лайықты үлесі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрмет Грамотасымен, Сайраш Ибраева ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға, қоғамның рухани дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хатымен, Оралхан Сартаев қоғамдық жұмысқа белсене араласып, ұлтаралық қатынастардың дамуына қосқан үлесі мен қажырлы қызметі үшін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет Грамотасымен марапатталды.
Сондай-ақ көптеген қоғамдық, этно-мәдени бірлестіктер «Жоғары шығармашылығы және кәсібилігі үшін», «Рухани бірлік пен жалпыұлттық келісімді дамытуға қосқан үлесі үшін», «Азаматтық қоғам мен жастар ұйымдарының дамуына қосқан үлесі үшін», «Салт-дәстүрлерді дәріптеу» номинациялары бойынша марапатталды.