Абай облысы
Биыл Абай облысында 8 инвестициялық жоба іске асырылып, 300-ден астам жұмыс орны ашылды
Абай облысында индустриалды аймақтарға инвестиция тарту жұмыстары жедел түрде жүргізілуде. Өңірдің кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Рүстем Ворошилов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осы мәселеге тоқталды. Оның айтуынша, 2023–2027 жылдарға арналған Кешенді даму жоспары аясында жалпы құны 676 миллиард теңгені құрайтын 15 ірі жоба іске асырылатын болады. Бұл жобалар нәтижесінде 2 199 жаңа жұмыс орны құрылып, өңірдің экономикалық әлеуеті айтарлықтай артады.
Басқарма басшысы атап өткендей, облыстағы инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
– Биыл жылы жалпы құны 21 миллиард теңгеге 6 жоба жүзеге асырылды. 2024 жылы 17,4 миллиард теңгеге 2 жаңа жоба іске қосылады. Ал 2025 жылы тағы 3 жоба жоспарланып отыр, олардың жалпы құны 21 миллиард теңге. 2026 жылы бұл көрсеткіш 52,3 миллиард теңгені құрайтын 3 жобаға дейін артады. Ал 2027 жылы ең ауқымды жоба жүзеге асырылады, оның құны 564 миллиард теңге деп күтілуде, — деді Рүстем Ворошилов.
Сонымен қатар, осы жылы облыста жалпы сомасы 103 миллиард теңгеге 4 ірі инвестициялық жоба іске қосылғаны белгілі болды.
– Осы жылы іске асқан жобалардың қатарында «JM Crypto» компаниясының 48,6 миллиард теңгеге бағаланған жобасы, «Алтын Қазан» компаниясының 7,5 миллиард теңгелік бастамасы, «SG SOLUTION» компаниясының 45 миллиард теңгеге бағаланған жобасы және «Eurasia Agro Holding» компаниясының 7,2 миллиард теңгеге жүзеге асқан жобасы бар, — деп атап өтті басқарма басшысы.
Рүстем Ворошиловтың айтуынша, қазіргі уақытта облыста 47,8 миллиард теңгеге бағаланған 3 жаңа инвестициялық жоба қарастырылып жатыр. Бұл жобалар арасында «Универсал СМ» компаниясы, «Жарма» шаруа қожалығы мен «EMA Ltd» жеке компаниясының бастамалары бар.
Шетелдік инвестициялар тарту да аймақтың басым бағыттарының бірі болып отыр. 2024 жылға арналған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 149 миллион АҚШ долларына жоспарланған болса, жылдың екінші тоқсанында бұл көрсеткіш 373 миллион АҚШ долларына жетіп, жоспар 250 пайызға орындалды.
Бұдан бөлек, 2029 жылға дейін облыста жалпы сомасы 2,3 триллион теңге болатын 25 ірі инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Бұл жобалар 8 000-нан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
– 2024 жылдың өзінде 9,1 миллиард теңгеге бағаланған 8 жоба жүзеге асырылып, 307 жұмыс орны құрылды, — деп толықтырды Рүстем Ворошилов.