ШҚО

Өскеменде қоян-қолтық ұрыстан республикалық турнир өтті

Ұлттық ұланның “Бүркіт” арнайы мақсаттағы бөлімшесінің құрылғанына 25 жыл толуына орай Өскеменде қоян-қолтық ұрыстан республикалық турнир өтті. Жарысқа елдегі күштік құрылымдардың он жеті құрама командасы яғни, бас аяғы жүзден астам спортшы қатысты. Олардың қатарында халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері мен спорт шеберлері де бар. Қатысушылар кім мықтыны анықтап ғана қоймай, боз кілемде бақтарын сынап, әскери біліктіліктерін жетілдіріп, өзара тәжірибе алмасты. Тартысқа толы дода шымылдығынын «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев ашты.

– “Бүркіт” арнайы мақсаттағы бөлімшелері құқықтық тәртіп әскерінің маңдайалды таңдаулы жасағы болып саналады. Өйткені мұндағы жауынгерлер — батылдық пен ержүректіліктің және Отанға деген адалдықтың айқын үлгісі ретінде көпке үлгі. Сондықтан атаулы датаға орай, дәстүрлі түрде «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы ішінде өтетін әскери жекпе-жектің ауқымын биыл кеңейттік. Жалпы, қоян-қолтық ұрыстың құқық бұзған азаматтарды құрықтауда тигізер үлесі зор екендігін ерекше атап өткім келеді, – дейді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев.

Республикалық сайыста 73 келі салмақ дәрежесінде арнайы жасақ намысын қорғаған Азамат Байғожин қарсылас шақ келтірмей, жеңіс тұғырынан көрінді. 5518 әскери бөлімінің қызметкері дүбірлі додаға тың дайындықпен келіпті.

– Мен былтыр спорттың бұл түрінен біраз белестерді бағындырдым. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында қарсылас шақ келтірмей, Ұлттық ұланның чемпионатында да үздік атандым. Биыл да былтырғы жеткен жетістігімді қайталағым келді. Шыны керек, бұл жолғы қарсыластарым осал емес. Дегенмен жеңіске жету жолында барымды салдым, – дейді 5518 әскери бөлімінің қызметкері аға лейтенант Азамат Байғожин.

Дүбірлі дода қорытындысы бойынша командалық есепте Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының арнайы жасағы бірінші орынды жеңіп алды. Қызу тартысқа толы республикалық деңгейде өткен жарыста сегіз салмақ дәрежесін сарапқа салған спортшыларға арнайы медальдармен дипломдар табысталды.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button