Семей қаласында тұрмыстық қатты қалдықтар (ТҚҚ) полигонын салу жоспарлануда
Абай облысын дамытудың кешенді жоспары аясында жаңа заманауи тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын салу қарастырылған. Жобаны іске асыру 2025–2026 жылдарға жоспарланған. Құрылысқа 100 гектар жер телімі бөлінді. Осы жылы «ТҚҚ полигонын салу» жобасы әзірленді. Бүгінде аталған жобаны жүзеге асыру үшін бюджеттік өтінім берілді.
Семейдегі қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару мәселесін шешу үшін қала әкімдігі жағдайды тез арада жақсартуға бағытталған іс-шаралар жоспарын әзірледі.
2023 жылы әкімдік пен қоқыс шығаратын компания арасындағы меморандумның арқасында муниципалды автопарк айтарлықтай жаңартылды: қала 10 жаңа қоқыс шығаратын көлікке ие болды. 2024 жылы бұл автопарк тағы бір техника бірлігімен толықты. Сондай-ақ 2023-2024 жылдары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі заманауи стандарттарға сай 2450 контейнер сатып алып, 400 алаңды жабдықтады.