Абай гарнизоны жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтірілді
Абай гарнизонынының әскери бөлімдері жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтірілді. Осылайша «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының бөлімшелері жаңа оқу кезеңіне кірісті.
Айталық, жауынгерлік дайындық апталығы аясында өңіріміздегі арнайы мақсатта тағайындалған барлау полкы арнайы операцияны жүзеге асырды. Барлау полкының командирі подполковник Талап Бирбаланов басшылық жасаған операция алдын ала белгіленген жиын алаңында жүзеге асырылды. Жауынгерлердің кәсіби шеберліктерін арттыратын операцияға төрт топ қатыстырылды. Олар белгіленген аудандарда іздестіру жұмыстарын жүргізді. Арнайы мақсаттағы барлау полкы тапсырманы жоғары деңгейде жүзеге асырып, сыннан сүрінбей өтті.
Қазақстан әскерінің кәсіби біліктілігінің жоғары болуы, сондай-ақ әрбір сарбаз бен офицердің теориялық білімімен қатар іс жүзінде тапсырманы нақты орындай алуы басты мақсат. Бұл Жоғарғы Бас Қолбасшының әскерилердің алдына қойған негізгі міндеттерінің бірі.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі