Жарма техникалық колледжінің материалдық-техникалық базасы жаңғыртылуда
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Жарма ауданына жасаған жұмыс сапарында техникалық колледждің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты, деп хабарлайды Semeynews.kz.
2023 жылы аталған оқу орнының инфрақұрылымын жақсарту мен жаңғырту бағытында ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілді.
Атқарылған істер қатарында қазандықпен оқу ғимараты арасындағы жылу трассасын ауыстыру, жылу және су инженерлік желілерін жөндеу, жаңа жылу қазандықтарын орнату сияқты жұмыстар бар. Бұдан бөлек, ұлдар және қыздар жатақханасы, шеберханалар мен қоғамдық-тұрмыстық корпусы жөнделді. «БГП» ЖШС – мен қайырымдылық келісімшарт негізінде оқу процесіне қажет жаңа экскаватор және БелАЗ жаттықтырушыларын алу маңызды қадам болды.
Ағымдағы жылдың мамыр айында аталған серіктестікпен арадағы келісімге сәйкес Пайдалы қазбалардың орнын ашық өңдеу» мамандығы үшін 2 симулятор алынды. Бұл студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға көмектеседі.
Колледж ғимаратында 28 оқу кабинеті, 150 орынға арналған асхана, спорт, конференц залдары, кітапхана, 60 студентке арналған 2 жатақхана бар.
Жарма техникалық колледжі өңірде білікті мамандарды әзірлеуде негізгі рөл атқарады. Біз колледждің инфрақұрылымын жаңғырту мен оқу сапасын жақсарту бағытындағы жұмысты жалғастырамыз. Бастысы студенттеріміздің талапқа сай білім алып, еңбек нарығына дайын болуы керек, — деді аймақ басшысы.
2024 жылы колледж аумағы мен шеберхана, гараждарға ағымдағы жөндеу, жаңғырту жалғасуда. Алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайын жақсарту мен оқу, жатақхана ғимараттарын ары қарай жаңғырту үшін жөндеу жұмыстары жалғасады.