«Энергетик» ықшам ауданының мәселелерін шешу бойынша Жол картасы әзірленеді
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев «Энергетик» шағын ауданы тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Semeynews.kz
Аймақ басшысымен бұған дейінгі кездесуде тұрғындар абаттандыру, ыстық су, көше жарығы, балалар алаңын салуға қатысты мәселелерді жеткізген болатын.
Бұл жолғы кездесуде шағын ауданды дамытудың нақты жоспары ұсынылып, проблемаларды кешенді түрде шешу үшін Жол картасының әзірленгені, алдағы уақытта толықтырылатыны айтылды.
Жол картасына жылу, электр, су желілерін инвентаризациялау, құжаттарын ретке келтіріп, басқа құзырлы ұйымдардың балансына беру секілді шаралар енгізілген. Шағын ауданда аллеялар, жаяу жүргіншілер жолы мен балалар алаңдарын салу, көшелерге жарық орнату, аулаларды жөндеу жоспарланып отыр.
«Ұзақ жылдар бойы қордаланған мәселелер бір күнде шешілмейді. Біртіндеп ретке келтіреміз. Біз «Энергетик» шағын ауданының тұрғындарға жайлы, жолдары сапалы, аулалары жаңа болғанын қалаймыз. Сол үшін арнайы Жол картасын әзірледік. Жұмыстың орындалу мерзімін белгіледік. Қалып қойған дүниелер болса қосамыз. Толықтырамыз. Жол картасы бойынша атқарылған жұмысты өздеріңізге хабардар етіп отырамыз. Сіздер барлығын білуге тиіссіздер. Бірде бір мәселе назардан тыс қалмайды» деді Нұрлан Ұранхаев.
Тұрғындар өз кезегінде өтініштеріне құлақ асып, мәселелерін шешу жолдарын қарастырғаны үшін алғыс білдірді.