ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаментінде Республика күні атап өтілді
25 қазан күні ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаментінің алаңында Республика күні мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті. Бұл мереке еліміздің мемлекеттілігі жолындағы алғашқы тарихи қадам болып табылады.
1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Қазақстан Республикасының егемендігі туралы Декларацияны қабылдап, еліміздің тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негізін қалады. Егеменді мемлекеттіліктің негізгі қағидаттары ретінде біртұтас мемлекет, аумақтық тұтастығы, бөлінбейтіндігі мен қол сұғылмаушылығы, қазақ халқының және Қазақстанның басқа да халықтарының мәдениетін, дәстүрлерін, тілін жаңғырту және дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту белгіленді.
Бүгінде біз Қазақстанның саяси және экономикалық салалардағы, сондай-ақ әлемдік аренадағы жетістіктерін мақтанышпен атап өтеміз. Осы атаулы күні Отанымыз – Қазақстан Республикасына өркендеу мен амандық тілейміз. Халықтың бірлігі, татулығы мен келісімі біздің мемлекеттілігіміздің мәңгілік берік тірегі болсын.
Салтанатты іс-шарада департамент бастығының бірінші орынбасары – штаб бастығы Утяпов Қуандық Сапарович жеке құрамды мерекемен құттықтады. Сонымен қатар, іс-шараға Шекарашы ардагерлердің “Застава тарландары” республикалық қоғамдық бірлестігінің Абай облысы бойынша филиалының төрағасы, запастағы подполковник Еркешев Анарбек Еркінович және запастағы подполковник Нұрлан Кеңесов Мажранович қатысты. Олар шекарашыларды құттықтап, қызметтеріне табыс тіледі.
Іс-шара барысында ҰҚК Шекара қызметі Директорының атынан бірқатар қызметкерлер марапатталып, Департамент басшысының атынан алғыс хатпен жеке құрамның бірнеше әскери қызметкерлері мараппатталды. Бұл марапаттар шекара қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалаудың айғағы болып табылады.
Республика күні – халқымыздың рухани жаңғыруының символы. Осы мерекеде еліміздің әр азаматы Отанымыздың гүлденуіне өз үлесін қосуға ұмтылады. Шекара қызметінің қызметкерлері де еліміздің қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етуде.
Біз барлық қазақстандықтарды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!