Абай облысыБілімТОП

Shakarim University-де Инженерлік орталықтың ашылуы өтті

Shakarim University-де инженерлік орталықтың салтанатты ашылуы өтті. Ол машина жасау және материалдарды өңдеу саласындағы мамандарды даярлау үшін инновациялық алаңға айналмақ. Жобаны жас ғалым және зерттеуші Ринат Құсайынов басқарды, оның жұмысы инженерлік ғылымды дамытуға және өңірдің өнеркәсіптік секторына озық технологияларды енгізуге бағытталған.

Инженерлік орталық аймақтың техникалық әлеуетін нығайтуға ықпал ететін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелер үшін құрылған. Орталық студенттерді инженерия саласында дамуға, болашақ мамандардың техникалық және қолданбалы дағдыларын нығайтуға, инженерлік мәселелерді шешуге инновациялық тәсілдерді енгізуге бағытталған.

«Біз тек зертхана ғана емес, ғылым мен тәжірибені біріктіретін орталық құрамыз. Мұнда студенттер ең озық технологияларды қолдана отырып, заманауи машина жасауда сұранысқа ие заттарды әзірлеп, сынай алады», – деді басшы Ринат Құсайынов.

Орталық материалдардың беріктігі мен тұрақтылығын сынауға, радиациялық және плазмалық өңдеуді қолдана отырып, машина жасау бөлшектерін нығайтуға, оны қалпына келтіруге мүмкіндік беретін заманауи жабдықтармен жабдықталған.

«Plasmascience» ЖШС ғылыми-өндірістік фирмасымен стратегиялық серіктестікке ерекше назар аударылды. Бірлескен жұмыс Қазақстанның өнеркәсіп секторы үшін бірегей шешімдерді әзірлеуге және ғалымдар мен практиктер арасында тәжірибе алмасуға бағытталған.

Орталықтың негізгі функцияларының бірі ғылыми семинарлар мен оқыту курстарын ұйымдастыру болады, онда студенттер инновациялық жабдықтармен жұмысты меңгере алады және инженерлік салада табысты мансапқа қажетті дағдыларды ала алады.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button