Облыстың құрылыс нысандарындағы қауіпсіздік мәселелері талқыланды
Абай облысы әкімдігінде аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаевтың төрағалығымен әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның отырысы өтті.
Міндетті зейнетақы жарналары мен медициналық сақтандыру қорына аударымдар бойынша берешекті азайту өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Жыл басынан бері аймақтық мемлекеттік кірістер департаменттерімен жалпы сомасы 4 470,4 млн теңгені құрайтын 49 961 қарыздар туралы хабарлама жіберілді. Оның ішінде 3 775,9 млн теңге өндірілді, бұл қарыздарды өтеуде айтарлықтай ілгерілеуді көрсетеді.
Сондай-ақ, кездесу барысында облыстың құрылыс нысандарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Абай облысы бойынша департаменті Кәсіпкерлік кодекс аясында жоспардан тыс тексерулер жүргізді. Қазір облыстағы құрылыс нысандарында 19 мұнара краны орнатылса, оның төртеуінің ғана жұмыс жасауға рұқсаты бар.
Қалған нысандар департаменттің ерекше бақылауында. Облыс прокуратурасының тапсырмасы бойынша тиісті рұқсатынсыз жұмыс жасайтын крандардың иелерін анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Тағы бір мәселе – биік крандарды құжатсыз іске қосудың алдын алу қатысты. Мемлекеттік инспекторлар крандарды іске қосуға ғана жауапты, ал кәсіпорынның инженерлік-техникалық мамандары өндірісті одан әрі бақылау және қауіпсіз пайдалану үшін жауапты. Анықталған заңбұзушылықтарға қарамастан, облыста крандарды пайдалануға байланысты апатты жағдайлар тіркелген жоқ.
Комиссия құрылыс компанияларын тәуекелдерді барынша азайту және алаңдарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық нормативтік талаптарды қатаң сақтауға шақырды.