Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлері Президентке ашық хат жолдады
Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлері Мемлекет басшысына ашық хат жолдады. Олар тендерлердің әділ бөлінбейтініне наразы. Кәсіпкерлер аймақта бюджет қаражатын жымқыру механизмі жұмыс істейтінін де мәлімдеді. Ал осы мәселені айтып, шағымданғандар қуғынға ұшырап жатқан көрінеді, деп хабарлайды Semey News 24.kz сілтеме жасап.
Шығыстағы жемқорлық мәселесі осыған дейін де көтерілген. 1 ай бұрын мұндай брифинг Семей қаласында өткен. Оған қатысушылар көп ұзамай «қуғынға ұшырадық» деп мәлімдеді. Рафаил Хазибов, кәсіпкер: – Тендердің, оған қатысып жатқан адамның әкімдікке қаншалықты жақын екенімен өлшеніп, бөлінетіні дұрыс емес. Ал бұл мәселені көтергендерге қылмыстық іс қозғау – оларды қорлау. Олар бар болғаны облыс кімнің қолында екенін айтуға дәті жетті. Кәсіпкерлердің аймақ басшысына деген сұрағы көп. Мәселен, олар Семей қаласында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылысын жүргізу үшін тиімсіз несие рәсімделмек болғанын айтады. Құрылыс үшін 2 миллиард теңге жеткілікті көрінеді. Ал рәсімделмек болған қаржы 8 миллиард дейді брифингке қатысушылар. Бұдан бөлек кәсіпкерлер, радиологиялық кешеннің құрылысына бөлінген қаражат та күмәнді екенін айтады.
Бахтияр Сапиев, Радиологиялық кешен құрылысы жөніндегі мердігер ұйымның жетекшісі: – Жалпы қаражат мөлшері 13 миллиард теңге. Біз оны 4,5 миллиард теңгеге салатын едік. Барлық қондырғыны орнатып, тиісті жұмыстарды атқарар едік. Жиында Семей қаласында жылу электр станциясының құрылысына қатысты сұрақтар да көтерілді. Инвестициялық жоба түрік фирмасының қолында болған екен. Алайда сот арқылы келісім үзіліпті. Кәсіпкерлердің айтуынша, қыста қалада кеуде керіп демалу мүмкін емес көрінеді. Олжас Есенгарин, инвестор-компания өкілі: – Бұл Семей үшін маңызды нысан. Қыста қардың ақ екенін көре алмаймыз. Оң жағалаудың өзінде 48 қазандық бар. Қазір олардың саны азайды, бірақ қалған қазандықтар сүзгісіз жұмыс істеп жатыр. Қала әкімдігінің бұл мәселелерге қатысты өз айтары бар. Қазір мұнда аймақ басшысының қызметін Семейдің бұрынғы әкімі Ермак Сәлімов атқарады. Ол мұндағы даудың бәрінен хабардар.
Ермак Сәлімов, ШҚО әкімінің кеңесшісі: – Компания жетекшілерімен таныспын. Олар осыған дейін Семейде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 5 балабақша салмақшы болған. Оларды содан білемін. Тиісті келісім бар, жер бөлінді. Бірақ олар жұмысты бастаған жоқ. Енді олар тағы бір жоба – жылу электр станциясымен келіп отыр. Міне сұрақтарыңызға жауап. Әкімдіктің радиологиялық кешенге қатысты да өз айтары бар. Әсет Сүлейменов, ШҚО Құрылыс басқармасының жетекшісі: – 6,5 миллиард теңге екінші рет бөлінген жоқ. Ол бітпеген нысанды аяқтау үшін бөлінді. Ол «Медтехника» Акционерлік қоғамының жобалық қондырғыны жөндемегенімен байланысты. Ал қарыз жөнінде айтар болсақ, әкімдік өкілдері бас мердігердің өз қаражатын толықтай алғанын айтады. Ал қажет болса, сотқа жүгінсін дейді. Кәсіпкерлер болса, «Президентке жолданған ашық хаттың нәтижесін күтеміз» деп отыр.
Semey News