Семей

Семейде генерал сарбаздармен кездесті

Құқықтық тәртіп әскерлерінің ардагері, отставкадағы генерал-майор Дәулет Салханов «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына ат басын бұрды. Әскери қайраткер, «генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі Семей қаласындағы 5511 әскери бөлімінде болды. ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иесі мерзімді әскери қызметшілермен жүздесіп, жауынгерлік қызметтің қыр-сырына тоқталды.

– Әскери қызмет – Отан алдындағы азаматтық борышыңды өтеу ғана емес, сонымен қатар ел алдындағы аса үлкен жауапкершілік екенін айқын сезіну қажет. Әсіресе, құқықтық тәртіп әскері қала тұрғындарының тыныштығын қамтамасыз етумен қатар мемлекет үшін аса маңызды нысандарды күзетуде,- дейді отставкадағы генерал-майор Дәулет Салханов.

Ардагербен кездесу әрбір сарбаз үшін ерекше болды. Олар аға буыннан әскерде жүріп басынан өткен сынақтар мен қызықты оқиғалары туралы әңгімелерін тыңдады.

– Генерал-майор Дәулет Қамарұлының әскери саладағы сара жолы әркімге болсын үлгі өнеге. Ұрпақ алдындағы жауапкершілікті жастайынан жете түсінген Ұлттық ұлан ардагерінің әрбір сөзінен Отанға деген шексіз адалдықтың лебі еседі. Құқықтық тәртіп әскерінің Бас штаб бастығы лауазымында қажырлы қызмет атқарған әскери қайраткердің бізге артатын үміті зор. Сондықтан халық мүддесін бұлжытпай қорғаған ардагер бізге жүктелген міндеттерді абыройлы орындауды сеніп тапсырды, – дейді 5511 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Алмас Серікбеков.

Әскери бөлім қызметкерлері алдыңғы буын мен кіші буынның пікір алмасуы сарбаздардың жауынгерлік қызметіне жағымды әсер етеді деп түйін тастады.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button