Абай облысыБілімТОП

Абай облысында Қазақстан Республикасының жоғары білім қызметкерлерінің күні алғаш рет кең көлемде атап өтілді

Биыл тұңғыш рет кәсіби мерекелер тізбесіне енген, 1 қазан – Жоғары білім қызметкерлерінің күніне орай өңірде Shakarim University-де Ғылыми кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Салтанатты жиынға университеттің ардагер ұстаздары, профессорлық-оқытушылық құрамы және Абай облысының коммуникациялар қызметі мен БАҚ өкілдері қатысты.

Кеңейтілген жиында оқу ордасында орын алған трансформацияға қатысты Ғылыми кеңестің құрамына ішінара өзгерістер енгізіліп, ректордың университеттің стратегиялық дамуы жөніндегі баяндамасы талқыланып, негізгі міндеттер айқындалды.

– Бүгінгі күні Шәкәрім университетінде Қазақстан Республикасының жоғары білім қызметкерлер күніне орай ғылыми кенестің отырысы өтіп жатыр. Бұл отырысқа ардагер ұстаздар, бүгінгі ғылыми кенес мүшелері, университет қызметкерлері мен білім алушылар қатысуда. Кеңесте бірқатар мәселелер көтерілді. Соның ішіндегі талабы күшейтілген жоғары білім, ғылым саласы алдындағы үлкен міндеттер, – деп атап өтті Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Индира Оралканова.

Ғылыми кеңес отырысы салтанатты іс-шараға ұласып, университетке еңбегі сіңген қызметкерлер мен ардагер ұстаздар ҚР Ұлттық Ғылым академиясының Академик Қ.Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған естелік төсбелгісімен, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің “Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін”, “Ахмет Байтұрсынұлы” және “Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін” төсбелгілерімен, Ғылым және жоғары білім Министрінің Құрмет грамотасы, Алғысы хатымен марапатталды.

– Бірінші қазан күні тұңғыш рет жоғарғы оқу қызметкерлері күні өтіп жатыр. Біздің Шәкәрім университеті осыған орай бүгін ғылыми кенестің кеңейтілген мәжілісін ұйымдастырды. Биылғы жыл Шәкәрім университетінің 90 жылдық мерей тойын тойлағалы отырмыз. Осы тоқсан жыл ішінде Қазақстанның барлық түкпіріне, ТМД елдеріне педогогикалық, гуманитарлық, техникалық, ауыл шаруашылығы мамандарын дайындап келеді. Шәкәрім университеті Қазақстанда және шетелдік білім кеністігінде өзінің лайықты орның алуда. Өйткені бізде бакалавр, магистр, PhD доктор дайындайтын дәрежелі білім саласы іске асырылады, – деді техника ғылымдарының докторы Құмарбек Әмірханов.

Жиын соңында ғылыми кеңестің құрамы бекітіліп, атқарылған және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға қатысты өзекті мәселелер қаралды.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button