Абай облысыТОП

Абай облысында мал жаю ережелерін бұзғаны үшін 2 мыңнан астам ауыл тұрғынына айыппұл салынды

Абай облысында жыл басынан бері иесіз малдардың қатысуымен 168 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 1 адам қаза тауып, 19 адам жарақат алған.

Мал жаю ережелерін бұзғаны үшін 2 мыңнан астам ауыл тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды, бірақ айыппұлдар жағдайды жақсарта алмай отыр, себебі жол-көлік оқиғаларының саны әлі де артып келеді. Бұл туралы Абай облысы Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Бауыржан Садақбаев мәлімдеді.

– Бұл мәселенің негізгі екі себебі бар: мал иелерінің өз малын қадағаламауы және ауыл шаруашылығы жануарларын сырғаламау мен чиптеудің жоқтығы. Бұл бағытта аудандық әкімдіктер, ветеринариялық инспекциялар мен ауыл шаруашылығы бөлімдері тарапынан жұмыстардың әлсіз ұйымдастырылғаны байқалады, себебі жол-көлік оқиғаларының алдын алу тек полицияның емес, жергілікті атқарушы органдардың да міндеті, – деді Бауыржан Садақбаев.

ИСЖ деректері бойынша, облыс аумағында 2 млн 375 мың 152 бас ауыл шаруашылығы жануарлары тіркелген. Биылғы 8 айда қараусыз қалған 4 820 бас ауыл шаруашылығы жануары арнайы тұрақтарға орналастырылып, мал жаю ережелерін бұзғаны үшін 2 289 адам ҚР ӘҚБтК 408-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

– Облыста ауыл шаруашылығы жануарларын уақытша ұстауға арналған 110 арнайы тұрақ бар. Сонымен қатар, апаттылықты талдау нәтижесінде жеті қалааралық жолда 11 қауіпті учаске анықталып, “ҚазАвтоЖол” АҚ-мен бірлесіп, жол бойына 21 патрульдік көлік пен ауыл шаруашылығы жануарларының макеттері орнатылды, – деп түйіндеді спикер.

Мемлекеттік органдар өкілдері ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне мал жаю ережелерін қатаң сақтауға, малды қадағалауға және уақытылы сырғалап, чиптеу қажеттігін еске салды.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button