Абай облысыТОП

Абай облысында жылу беру маусымына дайындық жүріп жатыр

Денсаулық сақтау және білім беру нысандары алдағы жылу маусымына 99%, әлеуметтік нысандар 100% дайын. Сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйлердің 92 пайызы, оның ішінде Семей қаласында 95 пайызы әзір. Бұл туралы облыс әкімдігінің кеңейтілген отырысында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Жандос Қайырханов мәлімдеді.

Жарма ауданының Шуақ кентінде қазандықты жөндеу жұмыстары жалғасуда, оған облыстық бюджеттен 364,6 млн теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстарын аяқтау 2024 жылдың 15 қыркүйегіне жоспарланған. Қазіргі таңда №1 қазандықтың құбырлары мен конвективті бөлігін монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Қажетті қондырғылар қыркүйек айының соңына дейін жеткізіледі деп күтілуде.

Аягөз қаласындағы орталық қазандықты жөндеуге 110,8 млн теңге бөлінді. Жоба бойынша жаңа су жылыту қазандығын сатып алу қарастырылған, оны жеткізу осы жылдың соңына жоспарланған. Сондай-ақ 2,2 шақырым жылу трассасын жөндеуге 97,2 миллион теңге бөлінді. 2023 жылы 0,7 шақырым жылу желісі ауыстырылса, ал 2024 жылдың қыркүйек айының соңына дейін төрт учаскеде тағы 1,5 шақырымды құрайтын желі ауыстырылмақ.

Қыс мезгіліне дайындықтың маңызды аспектісі – көмірмен қамтамасыз ету. Өңірде көмір 27 аймақтық оператор және 8 теміржол учаскесі арқылы сатылады. Қазір қоймаларда 12,5 мың тонна көмір бар, оның ішінде Семей қаласында 10 048 тонна көмір бар. Облыстағы жылу көздеріне 60 мың тонна көмір жеткізілді, бұл қажетті көлемнің 10 пайызын құрайды.

Бюджеттік ұйымдардың 330 автономды қазандықтарына 19,8 мың тонна көмір жеткізілді. 52 денсаулық сақтау нысандарына көмір жеткізу келісім-шарттары аяқталу сатысында. Сондай-ақ Аягөз ауданындағы «Аягөз жылу» МКҚК, ЖК «Дюсембаева», «Айгүл+К» ЖШС субсидиялауға бюджеттік өтінімдер берілді.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button