Абай облысыТОП

Облыста білікті мамандар даярлау үшін нақты шаралар қабылдануда

Семей қаласының Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм” атты Қазақстан халқына Жолдауының талқылауы өтті. Шараға колледж оқытушылары мен студенттер қатысып жолдауда айтылған әр түрлі тақырыптарды талқыға салды. Жолдаудағы білім саласы жайлы колледж директоры Шағангүл Жанаева баяндады.

– Осы айда президентіміздің кезекті жолдауы жарияланды. Жолдауға Абай облысының атынан 4 адам барып қатыстық. Онда қоғамның сан-салалы бағыттарындағы түйіткілді мәселелер, кемшілік тұстары нақты айтылып, үкіметке тапсырмалар берілді. Білім беру саласындағы маман ретінде биылғы жылы жұмысшы кадрларын даярлауға байланысты, білім беруші мекемелерінің кәсіби маман қалыптастырудағы көптеген жұмыстар жүзеге асырылу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, ең маңыздыларының бірі, жайлы мектеп жобасы болып табылады. Бұл жоба Президентіміздің қолдауымен жан-жақты аймақтарда қарқынды жүргізіліп жатыр. Жалпы 120 мектеп осы жоба арқылы іске қосылмақ. Алайда, Президентіміздің басты назарда ұстағаны мектептің ішкі материалдары емес, онда қызмет атқаратын мұғалімдердің сапалылығы мен біліктілігі. Яғни, бұл мұғалімдердің мемлекет алдындағы кәсіби жауапкершілігінің маңызды екендігін білдіреді, – деп атап өтті колледж директоры.

Жолдауда қозғалған тағы бір маңызды мәселелердің бірі -АЭС құрылысы. Бұл туралы М. Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің «қоғамдық пәндер» оқытушысы Төлеуғазы Мұқанов өз пікірін білдірді.

– Қоғамымызды өте өзекті талқыға түсіп жатқан мәселелердің бірі елімізде Атом электр станциясының салынуы. Былтырғы жолдауда мемлекет басшысы осы мәселені халықтың талқылауына салатындығын және олардың пікірін ескеретіндігін атап өткен болатын. Осы мәселеге байланысты ғалымдар арнайы ақпараттық түсіндіру, ағартушылық жұмыстарын жүргізуде. Бүгінде халық пікірі екі тарапқа бөлінуде. Атом электр станциясын салуды қолдайтындар алдағы уақытта елімізде экономиканы дамуы үшін, жаңа өндіріс орындарын ашу үшін энергия көзі керек деген пікірде. Менің ойымша, ең бірінші энергия мәселесін шешуіміз керек. Онсыз біздің экономикамыздың дамуында үлкен мәселелер туындауы мүмкін. Тағы да үлкен мәселелердің бірі экология мәселесі. Энергия көзін алу ретінде біз көмір, мұнай, газды пайдаланамыз. Осыған байланысты бізде парникті газдар шығып үлкен экологиялық проблемалар пайда болуда. Бізге көршілес мемлекеттерде де атомдық электр станциялары құрылуда. Өйткені оның пайдасы зор, – деді Төлеуғазы Мұқанов.

Спикердің айтуынша, елдің болашағына алаңдайтын әрбір азамат, алдағы уақытта өтетін референдумға қатысып, өз дауысын беру керек. Сондай-ақ, олсы мәселеге байланысты ғалымдардың пікірін ескере отырып, оның тиімді және зиянды жағын сараптап бір ұстанымға тоқталуы қажет.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button