Абай облысыТОП

Бесқарағай ауданында саябақ салынуда

Бесқарағайда тұрғындар өтінішіне орай жаңа саябақ салынуда. Аудан орталығындағы С.Сейфуллин көшесінің бойындағы демалыс орыны ауылдықтарға қуаныш сыйлауда.

Саябақ салу мәселесі аудан әкімінің тұрғындармен кезекті кездесуінде талқыланып, көтерілген болатын. Қаражаты облыстық бюджеттен бөлінген саябақта балалар спорт алаңы орнатылуда. Ал бүгінге дейін саябақ сахнасына LED экран, шағын беседкалар, қоқыс жәшіктері, үстел үсті ойындарына арналған шағын үстелдер, қоршаулар, электр жарығы орнатылды. Аумағы көгалдандырылып, «Таза Қазақстан» акциясы аясында 40-тан астам қарағай ағаштары, шетен (рябина) көшеттері отырғызылды.

«Елімізді көркейтіп, туған жерін гүлдендіру әрбір азаматтың парызы. Айналамызды жасыл желекке көмкеріп, барды бағалау, оны келер ұрпаққа жеткізу тек біздің қолымызда. Ауданымыз жақсы жағынан көркейіп келе жатқаны көңілге медеу ұялатады. Оң өзгерістер байқалады. Сол үшін алғысымды білдіремін», — дейді аудан тұрғыны Сәуле Бектасова.

Саябақ ауданның көрікті орнына айналған. Сыртқы көрінісі де айрықша тартымды. Көгалды алаң, зәулім сахна, балаларға арналған ойын алаңдары – бір-бірімен үйлесім тауып тұр.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button