Абай облысыҚұрылысТОП

Жайлы қала: аймақ басшысы Семейдегі құрылыс жұмыстарының барысын тексерді

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев салынып жатқан инфрақұрылымдық нысандар мен абаттандыру жұмыстарын бақылау үшін Семей қаласын кезекті мәрте аралап шықты.

Облыс орталығындағы қызу жұмыс «Бейбітшілік» аралында жүруде. Бүгінге дейін футбол, волейбол және балаларға арналған ойын алаңдарының құрылысы аяқталды. Сондай-ақ қала тұрғындары арасында танымал «Денсаулық» соқпағының бойы жарықтандырылды. Жақын арада қайта жаңартылған балалар теміржолын ашу жоспарлануда. Бұл отбасылық демалысқа арналған орынға айналмақ.

Аралдағы тағы бір көрікті жер – этноауыл аймағы. Қазір мұнда құрылыс қарқынды жүруде. Жоспар бойынша бұл аймақта түрлі ұлт өкілдерінің үйлері бой көтереді. Қазірдің өзінде заманауи үлгідегі балалар алаңы жасалып бітті. Этноауылды жарықтандыру үшін бағаналар орнатылып, демалушыларға арналған орындықтар қойылмақ. Келушілердің жеңіл тамақтануы мен сусын, кофе ішуіне арналған сауда нүктелері де өз жұмыстарын бастай алады. Алаң абаттандырылып, болашақта түрлі мерекелік шараларды өткізуге де қолайлы болмақ. Ендігі кезекте талапқа сай жаңа сахнаны орнату міндеті тұр. Дәл осы этноауылда аймақ басшысы бизнес өкілдерімен кездесіп, аралдың бүгінгі жай-күйі мен болашағы жайлы ой бөлісті.

«Жерлестеріміз болмаса қала қонақтары аралға келгенде алаңсыз демалатындай болуы керек. Сол үшін әрбір атқарылып жатқан жұмысты бүге-шігесіне дейін ойластырып, талапқа сай жасаған дұрыс. Біз өз тарапымыздан «Бейбітшілік» аралын жаңа кейіпке енуіне атсалысам деушілерге қолдау білдіруге әзірміз. Тек, жұмыс сапалы әрі бүгінгі заман талабына сай болғаны жөн», – деді облыс әкімі бизнес өкілдеріне.

Аймақ басшысы №1 емхананың алдында дәрігерлер скверінің құрылыс барысын тексерді. Сквер аумағында жаттығу, ойын алаңдары мен сәулеттік композициялар, сондай-ақ субұрқақ орнатылады. Саябақты көгалдандыру үшін ағаш отырғызылып, автоматты суару жүйесі іске қосылмақ.

Білім беру нысандарының құрылысы да облыс басшысының жіті назарында. «Қарағайлы» шағын ауданында 1200 орындық жаңа мектептің құрылысы жүргізіліп, Заря ықшамауданында «KazMinerals» компаниясымен жасалған меморандум аясында мектеп салынуда. Қазір айналаны абаттандыру, ғимараттардың қасбеттерін жөндеу жұмысы жүргізілуде. ІТ және жаңа технологиялар жоғары колледжінде заманауи технологиялар – инженерлік коммуникациялар Smart технологиялар мен жасанды интеллект элементтерін қолдану арқылы енгізілуде. Ғимарат алдындағы аумақта абаттандыру жүргізіліп, қосымша LED экран орнатылды.

«Заря» ықшам ауданындағы мектеп пен ІТ және жаңа технологиялар жоғары колледжіндегі құрылыс жұмысы аяқталуға жақын. Аталған қос білім мекемесі болашақта бірлесе жұмыс істеп, білімді оқушы, білікті маман әзірлеп шығуға ниеттеніп отыр.

«Әлем білім мен ғылымға ерекше көңіл бөліп жатқан тұста көштен қалмаудың қамын жасауымыз керек. Осы үшін заманауи мектептер, білім мекемелерін ашу, оларға білікті ұстаздарды тарту күн тәртібінде тұр. Солардың күшімен саналы ұрпақ тәрбиелеп шығамыз деген ойдамын. Біздің басты назарымыз әлеуметтік нысандарды, демалыс орындарын дамыту және көлік желісін жақсарту. Барлық жобалар тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталуы керек. Күздің жаңбырлы күндері басталады. Сондықтан ауа-райы қолайлы болып тұрғанда жұмысты жылдамдату керек», – деді облыс әкімі.

Қарағайлы шағын ауданында блок-модульдік қазандық сондай-ақ «Солтүстік» сауда орталығымен арадағы айналма жолдың құрылысы, магистральдық және орамішілік жылу желілерінің ағымдағы жөндеу жұмысы да тексерілді. Аймақ басшысы орынбасары мен Семей қаласының әкіміне құрылыс жұмыстарының барысын бақылауға тапсырма берді.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button