Ұлы жол – Abai joly 100 miles
Ағымдағы жылдың 10 тамызында Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туған күніне орай Семей мен Жидебайдың арасында 160 шақырымдық және Семей мен Бөрілі арасында 80 шақырымдық«Shakarim University-90» ультрамарафондары өткізіледі. Жарысты ұйымдастырушы Абай облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен «El Sport» республикалық қоғамдық бірлестігі.
“Ұлы жол-Abai Joly 100 miles” баспасөз конференциясында спикерлер ультрамарафондарды өткізудегі ең маңызды тұстарға тоқталды.
Жарысқа тіркелген 182 қатысушының ішінен 28 әуесқой спортшы тікелей қатысады.
– Жарысқа үш жүзге жуық желаяқ қатысады, олар Астана, Қостанай, Павлодар, Зайсан, Петропавловсктен келді. Семей қаласы мен Абай облысының өкілдері де бар. Бірнеше спортшы шет елден келеді. Олардың бәрі тәжірбиелі желаяқтар, әр қайсысы өз жасының категориясында чемпион болып жүрген спортшылар, – деді “El Sport” республикалық қоғамдық бірлестіктің төрағасы Рамазан Саттарұлы.
Ультрамарафонның екінші дистанциясы Семейден Бөріліге дейін 50 миль, яғни 80 шақырымдық қашықтықты қамтиды. Бұл дистанцияның демеушісі Шәкәрім университеті.
Жарысқа дене шынықтыру және спорт бөлімінің мамандары, Шәкәрім атындағы университеттің басшылығы мен қызметкерлері, Семей қаласының спорт қоғамдарының өкілдері, оқытушылар мен университет студенттері қатысады.
– Марафон шеңберіндегі 80 шақырымдық «Семей-Бөрілі» бағытындағы ультрамарафон Шәкәрім университетінің 90 жылдық мерейтойына арналып «Shakarim University-90» деп аталды. Бұл марафонға Басқарма төрағасы-Ректор Думан Рымғалиұлы қолдау білдіріп, университет демеушілік жасап отыр,- деді Басқарма мүшесі-әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Мерей Шәменов.
Ал туризм және спорт министрлігі «Спортты дамыту дирекциясы» бас маманы Асқар Қадыров жарыстың еш қиыңдықсыз, жарақатсыз, апатсыз өтуіне тілекші екенін білдіре отырып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.