ШҚО полицейлері кішкентай науқасты жедел түрде ауруханаға жеткізді
22 мамырда ШҚО ПД жол-патьрульдік полиция батальонының қызметкерлері Сырым Алтайұлы және Қуаныш Маушанов Риддер қаласында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қызмет өткерулері барысында 3 жастағы қызды ата-анасымен шұғыл түрде Өскемен қаласындағы Ана мен бала Орталығына жеткізді, деп хабарлайды Semey News.

ШҚО ПД баспасөз қызметінің берген мәліметі бойынша, аталған қызметкерлер жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қызмет өткеру уақытында, шамамен сағат 11:00-де олардың жанына автокөлік тоқтап, одан ер азамат жүгіріп шығып полицейлерден көмек сұраған. Тәртіп сақшылары сөзге келместен қол ұшын берген.
Автокөлік ішінде 3 жастағы қыз бала ата-анасымен болған. Полиция қызметкерлері кідірместен жыпылықтайтын маяктарын қосып, нәрестені Өскемен қаласындағы Ана мен бала орталығына жеткізген. Алдын ала ескертілген дәрігерлер кішкентай науқасқа бірден медициналық көмек көрсетті.
«2021 жылғы 22 мамырда қызым үйде ойнап жүріп тиын тауып алып, жұтып қойған, нәтижесінде тұншыға бастады. Содан кейін біз Риддер қалалық ауруханасына хабарластық, дәрігер қарап Өскемен қаласындағы ана мен бала Орталығына жолдама берді. Дәрігер жедел медициналық қызметке науқасты тасымалдау үшін көлік беруді сұрағанда оның сұранысына рұқсат бермеді. Содан кейін біз өзіміздің автокөлігімізбен шықтық. Жол бойында жол-патрульдік полиция экипажын жолықтырдық және олардан көмек сұрадық.
Мені және қызымды Риддер қаласынан Өскемен қаласына дейін медициналық көмек көрсету үшін алып келген «149» нөмірлі экипажға алғысымыз шексіз. Қазір қызым үйде, оның өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ», – дейді Риддер қаласының тұрғыны Артем Гриценков.
Жас әке, патрульдік полицейлерге қолдау көрсеткендеріне шын жүректен алғыс білдіреді және өзі көзбе-көз алғыс білдірмегеніне кешірім сұрайды.
Тапсырманы орындап, тәртіп сақшылары бірден өздерінің маршруттарындағы қызметтеріне кірісті. Осы оқиғаның тарихы, Артем Гриценковтың Полиция департаментіне алғыс білдіріп хабарласуынан кейін ғана белгілі болды.
Сол уақытта жағдайдың қиындығын түсінген тәртіп сақшылары, артық сұрақтар қоймай нәрестеге көмек көрсетуге асыққан. Осы жағдай – қиындыққа тап болған адамдарға дереу көмек көрсетудің жарқын көрінісі.
Semey News