Абай облысыТОП

Отантай Кәрібжанұлының 80 жылдығына орай мерекелік концерт өтті

Абай атындағы театрда Қазақстан Республикасының көрнекті мәдениет қайраткері, Абай ауданының және Семей қаласының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Отантай Кәрібжанұлының 80 жылдығына арналған «Өмір өрнектері» атты кеш өтті.

Отантай Кәрібжанұлы еңбек жолын 1965 жылы бастап, еліміздің мәдениет, өнер және білім саласының дамуына зор үлес қосты. Абай атындағы облыстық театрда 20 жыл қызмет еткен ол үлкен шығармашылық табыстарға жетіп, өзін іскер ұйымдастырушы, білікті басшы ретінде көрсете білді. Соның ішінде жас мамандармен жұмыс істеуге ерекше көңіл бөлді. Оның жетекшілігімен театрдың шығармашылық ұжымы республикалық театр институты мен консерватория түлектерімен толықты.

Отантай Кәрібжанұлы 1999-2011 жылдар аралығында Мұқан Төлебаев атындағы Семей музыкалық колледжінің директоры қызметін атқарды. Оның кәсіби шеберлігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында колледж симфониялық оркестр, қазақ халық аспаптар оркестрінің және хордың кең және алуан түрлі репертуарын дайындады. Осы уақыт ішінде колледжді 515 маман бітіріп, оның 186-сы алдыңғы қатарлы оқу орындарында оқуын жалғастырды. Қалғандары түрлі мәдениет және өнер мекемелерінде табысты еңбек етуде.

Отантай Кәрібжанұлы «КСРО Мәдениет министрлігінің үздігі», «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері» төс белгілерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медальдарымен және «Ыбырай Алтынсарин» медальдарымен марапатталған.

Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев мерейтой иесін құттықтап, оның қазақ мәдениетінің дамуына қосқан зор үлесін атап өтті.

«Қазақ театрларының ішінде алғашқы болып ашылған қара шаңырақта Отантай Кәрібжанұлының 80 жылдық мерейтойына жиналып отырмыз. Мерейтой иесі бұл өнер ұжымын 20 жыл басқарды. Осы аралықта талантты әртістерді тәрбиеледі. Бүгінгі ерекше күні сізге және сіздің отбасыңызға мықты денсаулық, бақыт тілеймін. Өңіріміздің дамуы мен еліміздің өркендеуіне үлес қоса беріңіз!» – деді облыс әкімі.

Кеш концерттік бағдарламамен жалғасты.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button