Абай облысыДенсаулық сақтауТОП

Жарма аудандық ауруханасына медициналық жабдықтар табысталды

Соңғы жылдары «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы халықаралық ынтымақтастық дамып келеді. 2017 жылы екі елдің медициналық қауымдастықтары арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы Меморандум денсаулық сақтау және ғылыми жетістіктер саласында тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп отыр.

Осы ынтымақтастық аясында қытайлық «Shenzhen Comen Medical Instruments CO LTD» компаниясы «ІЅНҮМ MEDICAL» арқылы «Жарма аудандық ауруханасы» ШЖҚ КМК шұғыл медициналық көмекке арналған медициналық жабдықты салтанатты түрде табыстады. Бұл жабдықтардың арасында пациенттерді бақылауға арналған мониторлар, дефибрилляторлар, желдеткіштер және біріктірілген ағынды ылғалдандырғыштар бар.

Іс-шара барысында «Ұлттық медициналық қауымдастық» республикалық қоғамдық бірлестігі мен Абай облысының Денсаулық сақтау басқармасы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Іс-шарада Ұлттық Медицина қауымдастығының құрметті президенті, Халықаралық Интеграциялық Комитеттің төрайымы және «ZdravExpert» тәуелсіз сарапшылар қауымдастығы» ЖШС Бас директоры Айжан Садықова сөз сөйледі. Ол кәсіби медициналық бірлестіктердің медициналық кәсіптің беделі мен әлеуметтік маңыздылығын арттырудағы, сондай-ақ пациенттер мен медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғаудағы рөлін атап өтті. Сонымен қатар, Жарма ауданы мен Семей қаласының үздік дәрігерлері мен медбикелеріне жоғары наградалар табысталды.

Анықтама: мемлекеттік ұйымдардың үкіметтік емес медициналық ұйымдармен ынтымақтастығы 1990 жылы ақпанда Ұлттық медициналық қауымдастық құрылған кезде басталды. 2025 жылы қауымдастық өзінің 35 жылдығын атап өтпек. Жас ұйым үшін алғашқы маңызды оқиға қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов ұйымдастырған «Невада-Семей» қозғалысы аясында Семей облысындағы ядролық полигонды жабу жөнінде халықаралық форум болған еді.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button