Абайская областьТОП

«Салауатты сана» республикалық жобасының тұсаукесері өтті

19 шілде М. Әуезов атындағы педагогикалық колледж ғимаратында Абай облысының ҚХА Аналар кеңесінің отырысы ұйымдастырылды. Жиында ҚХА-ның «Салуатты сана» республикалық жобасы таныстырылды.

Спикерлер қатарында Абай облысы ҚХА Аналар кеңесінің мүшесі Ш. Жанаева, Абай облыстық полиция департаментінің өкілі М. Асылхан, Абай облысының білім басқармасының бөлім басшысы С. Кожабекова, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі, “Ана үйі” ресурстық орталығының жоғары дәрежелі маманы А. Нұртазина және басқа да ғылыми-сараптамалық топ өкілдері мен “Салауатты сана” жобасының серіктестері болды.

Шараға Абай облысының ішкі саясат басқармасының басшысы А. Садырбаев қатысып, жобаның маңыздылығына тоқталды.

– Бүгінгі күн тәртібінде қойылып отырған тақырып өте өзекті. Өздеріңіз білесіздер, осымен үшінші мәрте ұлттық құрылтай отырысында, Атырау қаласында Мемлекет басшысы бірнеше қоғамды толғандырып жүрген, қоғамға кеселін тигізетін мәселелерді тізбектеп, түсіндіріп берген болатын. Сол мәселелердің төңірегінде облысымызда бірнеше іс-шара өткен болатын. Өздеріңіз де сол кездесулерде болған едіңіздер. Бүгінгі салауатты сана жобасының да қазіргі қоғамға берері мол деп ойлаймын. Ұлы Абайдың айтып кеткен 5 асыл ісі мен 5 кеселді істері осы жобаға қатысты. Лудомания, нашақорлық, жастардың жасырын түрде нашаны таратуы қоғамда маңызды мәселелер болып отыр, — деді Айдар Садырбаев.

Шара спикерлері де аналар кеңесінің салауатты өмір сүретін саналы қоғам қалыптастыру, адал азамат тәрбиелеуге бағытталған жаңа жобаның жүзеге асырылуы бойынша идеяларымен және міндеттерімен бөлісіп, аталған жоба бойынша ақпарат берді.

Аталмыш жобаның мақсаты «Мәдениетті ана-мәдениетті ұлт» ҚХА Аналар кеңесінің жобасы шеңберінде қоғамның 5 әлеуметтік қауіпті кеселдерді: нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және ысырапшылдықты алдын алу және оларға қарсы күрес бойынша жүйелі жұмысты ұйымдастыру.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button