Абай облысыТОП

Аймақ басшысы қаладағы құрылыс қарқынын жеделдетуді тапсырды

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев кезекті мәрте қаланы аралап, құрылыс жұмыстары жүріп жатқан нысандарда болды. Сапар барысында әрбір нысан бойынша қала әкіміне, басқарма басшыларына және мердігерлерге тапсырмалар берді.

«Бейбітшілік» аралына атбасын бұрған әкім құрылыс барысын көзімен көрді. Бұл жерде қала тұрғындары мен қонақтары үшін көрікті демалыс орны болатындай жұмыстар атқарылуда. Соның бірі – балалар теміржолы. Қазіргі уақытта теміржоласты төсеніш төселуде. Осы жұмыстардан соң рельстер орнатыла бастайды. Вагондар қазірдің өзінде пайдалануға дайын. Аралда тағы құрылыс қарқынды жүруде. Демалушылардың сұранысына орай түрлі спорт алаңдары, кәсіби жаттығу тренажерлары, балалардың ойын алаңдары, демалу орындары, кофейня салынбақ. Қауіпсіздік үшін бақылу камералары және қоғамдық дәретхана қарастырылған.
Сонымен қатар, аралда этноауыл салу жұмыстары жалғасуда. Оның ашылуы 24 тамызға жоспарланған.

Бұдан әрі облыс әкімі бастаған жұмыс тобы балалар саябағына барды. Онда қазір аумақты абаттандыру бойынша жоспар әзірленуде. Жақын арада бұл жоспар қоғамға талқылау және бекіту үшін ұсынылатын болады.

№1 емхананың алдында дәрігерлер скверін салу жұмыстары жалғасуда. Жаңа орын барлық тұрғындар үшін демалыс және спорт алаңына айналмақ. Бұл жерде архитектуралық композициялар, тренажерлер мен балалар ойын алаңдары орнатылады. Сонымен қатар, субұрқақ іске қосылып, 150-ге жуық түрлі ағаштар отырғызылады. Алаң көгалдандырылып, жасыл желектерді суару автоматты жүйемен қамтамасыз етіледі. Жауапты мердігер компания өкілінің айтуынша, құрылысты тамыз айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

Қарағайлы шағын ауданында қуаттылығы сағатына 20,6 Гкал болатын жаңа блокты-модульді су жылыту қазандығын орнату үшін 1,9082 га жер бөлінді. Бұл жоба осы ауданды тұрақты жылумен жабдықтауды және энергетикалық тиімділігін арттыруға бағытталған. Нысанды жоспарлау жұмыстары басталды.

«Бұл жобалардың әрқайсы қалалық инфрақұрылымды жақсарту және жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін маңызды. Бастамалардың барлығы жайлы және заманауи қалалық ортаны құруға бағытталған. Алдағы уақытта тұрғындардың еркін сейіл құрып, демалуына мүмкіндік беретін қоғамдық кеңістіктер қатары артады. «Бейбітшілік» аралы жаңа кейіпке еніп, дәрігерлер сквері пайда болады. Болашақта алға қойған басқа да жоспарларымыз бар. Сондықтан жұмыс қарқынын бәсеңдетуге болмайды. Жұмыстарды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтау қажет», – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы жұмыс сапарының аясында Қарағайлы шағын ауданындағы «Жайлы мектеп» құрылысының барысымен танысып, Гагарин- Шугаев көшелеріндегі көлік кептелісін реттеу үшін жол полициясы қызметкерлерімен кеңес өткізді.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button