
Өткен жылы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті құрылтайшысының бұйрығымен Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті қайта құрылып, нәтижесінде «Шәкәрім университеті КеАҚ» болып өзгерді. Университеттің жаңа стратегиясын оқу орын басшысы Бауыржан Ердембеков арнайы ұйымдастырылған баспасөз конференциясында айтып берді.
– Менің университет ректоры қызметіне кіріскеніме бірнеше айлар өтті. Осы уақыт аралығында студенттерге көңіл аударып, жиі кездесулер өткіземін. Әлеуметтік желілерді оның ішінде Instagram-ды қолданып, университет қызметкерлерімен және оқушылармен ашық диалог жүргіземін. Бізде қабылдаудың нақты күні жоқ, мүмкіндігінше бос уақытымда алыстан келген ата – аналардың барлығын қабылдауға тырысамын, – дейді Бауыржан Ердембеков.
Конференцияда педагог мәселесі де қозғалды. Естеріңізге салсақ, өткен жылдың соңында ҚР Президенті мұғалім мәртебесі туралы заңға қол қойған еді. Нәтижесінде 2020 жылдың қаңтарынан бастап мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға өсті. Ал, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап университет оқытушыларының жалақысын өсіру жоспарланып отыр. Сонымен, Білім және ғылым министрлігіне бағынысты университеттің оқытушысы айына кем дегенде 200 мың теңге, аға оқытушы – 230 мың теңге, доцент – 260 мың теңге, профессор – 350 мың теңге ал, ұлттық университеттерде – 400 мың теңге алуы керек. Жаңа бұйрыққа сәйкес, Шәкәрім университеті жаңа оқу жылынан бастап өз қызметкерлерінің жалақы мөлшерін ұлғайту үшін қаржы мәселелерін шешумен айналысуда.
Бүгінде білім беру мекемелерінің студенттері дипломдық жұмыстарын сатып алатыны өтірік емес. Осылайша жемқорлық фактілері тіркеледі. Осы орайда, университет барлық аталған мәселелерді түбегейлі шешуді жоспарлап отыр.
– Оқу орындарда сыбайлас жемқорлық фактілері бар. Оған кім кінәлі?! Пара беріп отырған студент пе, әлде алған оқытушы ма? Ойлап қарасақ, 11-сыныпқа дейін мектептегі оқушылар ондай ойдан аулақ болады. Мұның бәрі ЖОО келгеннен басталады. Сол үшін университетте жемқорлық пен парақорлықты алдын-алуға арналған «Таза сессия» акциясы өтеді. Арнайы жемқорлыққа қарсы агенттік студенттермен кездесіп, сауалнама жүргізіп, парақорлықтың зардабын жете түсіндіруде. Шынайтуында, параны оқымайтын және сабаққа қатыспайтын студенттер береді. Ал, егер ондай оқиғалар тіркелсе ұстаз бен студент қатар жазаланады, -деді ректор.
