Абай облысыТОП

Абай облысындағы су айдандарындағы эпидемиологиялық қауіпсіздік бақылауда

Шомылу маусымы басталмас бұрын облыстың су айдындарындағы шомылу орындарынан 54 су сынамасы алынып, нәтижесінде гигиеналық талаптарға сәйкес келмейтін 8 жағдай анықталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті коммуналдық объектілерді бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Ардақ Барлықанова мәлімдеді, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Жазғы кезеңде санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басты міндеттерінің бірі – еліміздің су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

  • Шомылу маусымы басталмас бұрын облыстың су айдындарындағы шомылу орындарында 54 су сынамасы микробиологиялық, санитариялық-химиялық, паразитологиялық және вирусологиялық көрсеткіштерге зерттелді, нәтижесінде гигиеналық талаптарға сай келмейтін 8 жағдай анықталды. Олар Семей қаласында келесі шомылу орындарынан – Жоламан кенті, ТЖ көпірі, «Солнечный» алқабы және Педагогикалық институт аудандарында Ертіс өзенінен тіркелді, – деді бөлім басшысы.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті субұрқақтар қаланы абаттандыру үшін қажет екенін, олардың шомылуға емес, ауаны ылғалдандыруға арналғанын еске салады.

  • Санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг шеңберінде маусым айында облыс бойынша субұрқақтардан су сынамасынан зертханалық тексеру алынды: ішек таяқшаларына 12 сынама, ВГА-ға 12 сынама, энтеровирустарға 12 сынама, ротавирустарға 12 сынама. Олардың ішінде Семей қаласында 6 сынамадан нормадан жоғары ішек таяқшалары табылды. Шара қолдану үшін Семей қаласы тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміне ақпарат жолданды, – деп қорытындылады Абай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Раушан Фатхуллина.

Сонымен қатар, спикерлер субұрқақтағы судың дененің шырышты қабатына түсуіне жол бермеуді және одан мүлде су ішуге болмайтынын ескертті.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button