Абай облысыТОП

Абай облысының әкімдігінде аспалы көпірді қайта жаңғырту және жөндеу мәселесі талқыланды

Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев құрылыс химиясына маманданған DGA неміс компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Кездесуге сондай-ақ Алматылық «Талант» ЖШС құрылыс компаниясы директорының орынбасары Ерден Килибаев және «Ақ Ертіс» коммерциялық емес ҚҚ басшысы Аслан Диқанбаев қатысты. Кездесуде аймақтағы көпірлерді салу және қайта жаңғырту мәселелері талқыланды.

Өзінің инновациялық дамуымен танымал DGA компаниясының Германияда бес химиялық зауыты бар. Онда жол жабыны материалдарының соңғы үлгідегі технологиялары әзірленеді. Атап айтқанда, Вiguma Gusstex материалдары, соның ішінде гидрооқшаулағыш, мембраналар және құйылатын асфальттары көпір құрылысында қолданылады.

Семей қаласының аспалы көпіріне ерекше назар аударылды. Облыстың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы көпірді жобалауға қатысты техникалық тапсырманың әзірленіп, конкурстық рәсімдердің өткізілгенін атап өтті. Жобалаушы – «Қазақ Промтранспроект» ЖШС. Жоба аспалы кабельдерге эластомерлік ораманы қолдану, көпірді қорғау үшін құрғату жүйесін орнату, су өткізбейтін және асфальт жабындарын толығымен ауыстыру, жарықшақтарды жөндеу, жабындарды ауыстыру мен көпір құрылымының жай-күйін бақылау жүйесін орнату сияқты шараларды қарастырады.

«Жаңадан құрылған облысымызда жол мәселесі ерекше назарда. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жоқ емес. Қала, аудандарда тиісінше жұмыстар жүргізілуде. Жолаушыға қолайлы жағдай үшін жұмыстың сапалы болғаны маңызды. Біз танымал компаниялармен жұмыс жасауға ынталымыз. Қала көшелері мен аспалы көпірге қатысты сұрақта бірінші кезекте жергілікті атқарушы билік пен құрылысына қатысты компания өкілдерімен кездесіп, шаруаны талқылаудан өткізу керек», – деп атап өтті облыс әкімі.

Жұмыс жобасының нәтижесінде жұмыстың нақты түрлері мен көлемі айқындалатын болады. Мемлекеттік сараптама қорытындысын алу 2024 жылдың 3-4 тоқсанына жоспарланып отыр. Содан кейін Семей қаласының әкімдігі жобаны іске асыруға қаржыландыру бөлу үшін бюджеттік өтінім береді.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button