Семей

Семейде Ұлттық ұлан ұлттық тілді ұлықтады

Ұлттық ұланның “Шығыс” өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері арасында “мемлекеттік тіл – менің тілім” байқауы өткізілді. Байқауда төбе танытқан әскери қызметшілер сайысқа барша ықыласымен қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Іс- шараның мақсаты мемлекеттік тілді әскери қызметшілер арасында насихаттау, тілді қолданыс аясын арттыру, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру. Семей қаласындағы Абай кітапханасында өткен шараға барлығы алты мерзімді әскери қызметші қатысты. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанып, алға суырылып шыққан өнерпаздар көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Тартысқа толы сайыс қорытындысы бойынша 5518 әскери бөлімінің қатысушысы қатардағы жауынгер Антон Коротков бірінші орынға ие болса, екінші орынды 6679 әскери бөлімінің қатысушысы қатардағы жауынгер Александр Бажов иеленді. Ал жүлделі үшінші орынды 5512 әскери бөлімінің қатысушысы лейтенант Алексей Паскарь місе тұтты. Барлық қатысушылар бағалы сыйлықтармен және диплом, алғыс хаттармен марапатталды. Ал сайыста топ жарған қатардағы жауынгер Антон Коротков болса “Мемлекеттік тіл – менің тілім” сайысының келесі кезеңіне жолдама алды. Сарбаз алдағы уақытта қыркүйек айында Павлодар қаласында өтетін Ұлттық ұлан әскерлері арасындағы сайыста “Шығыс” өңірлік қолбасшылығының намысын қорғамақ.

“Шығыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button