Абай облысыТОП

Облыста азаматтармен тиімді қарым-қатынас жүргізу жөнінде оқыту өтуде

Абай облысында азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеу кезінде ҚР әкімшілік рәсімдік-процестік кодексін қолданудың өзекті мәселелері талқыланған семинар өтті.

Семинар жұмысына облыстың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының әкімшілік басшысы Әйгерім Кеңесхан, Әділет департаментінің Әкімшілік бөлімінің басшысы Айжан Құлмағамбетова, облыс әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас инспекторы Индира Найманова, «Alikhan Bokeihan University» педагогика және психология кафедрасының аға оқытушысы Назгүл Рахымжанова, сондай-ақ «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ облыстық өкілдігінің ақпараттық жүйелерді сүйемелдеу басқармасының басшысы Гүлжан Серікбаева қатысты.

Семинардың мақсаты – қызметкерлерді азаматтармен тиімді қарым-қатынас жасау, ӘРПК нормаларын түсіндіру және «е-Өтініш» жүйесімен жұмыс істеу бойынша оқыту.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында бүкіл елдің ортақ міндеті азаматтардың сұраныстарына жедел, әрі тиімді ден қоятын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру екенін атап өтті. Бұл семинар өтініштермен жұмыс кезінде квазимемлекеттік сектор субъектілерінде анықталған заң бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау шеңберінде ұйымдастырылды», – деп атап өтті облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Анар Жакупова.

Семинарда ӘРПК нормаларының сақталуы, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдарға келіп түсетін өтініштерді тіркеу және есепке алу ережелері талқыланды. Сондай-ақ, қатысушылар заң бұзушылықтарды жою бойынша практикалық ұсыныстар алып, әкімшілік органдардың шешімдеріне шағымдануына байланысты сот практикасымен танысты. Сонымен қатар, халықпен жұмыс кезіндегі жанжалды жағдайларды шешу дағдылары туралы дәріс тыңдады.

Бүгінде Абай облысында 10 679 өтініш тіркелген, оның ішінде 7 088 өтініш, 477 шағым, 1 126 ұсыныс және 1 988 хабарлама мен сұраныс. Мемлекеттік органдардың азаматтардың өтініштерімен жұмысына үнемі талдау жүргізіледі.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button