Қоғам

Болашағы зор баяншы сарбаз

Жас ұрпақтың бойына барлық жақсы қасиеттерді сіңіріп, қоғамда белгілі орын алуына тәрбиелеудің маңызы өте зор. Жастардың дұрыс орта таңдап, адамгершілік пен сүйіспеншілік сынды асыл қасиеттерді бойына сіңіруде музыканың да алатын орны ерекше. Оны Абай гарнизонына қарасты 44793 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін өткеріп жүрген сарбаз Әсет Темірбаевтың бойынан да көруге болады. 

Отан алдындағы борышын өткеріп жатқан Әсет Темірбаев Қызылорда қаласы, Арал ауданының тумасы. Көпбалалы отбасының тұңғыш перзенті. Әсеттің өнерге жақындығы бала кезінен байқалады. Сондықтан ата-анасы оны мектеп табалдырығын аттаған тұста музыкалық мектепте  қатар оқытуға шешім қабылдайды. Музыкалық аспаптардан таңдау баянға түсіп, қазір оны кәсіби тұрғыда меңгеріп алған. Бірқатар конкурстардың жеңімпазы.

 – Мектеп қабырғасында оқи жүріп музыкалық білім де алдым. Екеуін қатар тамамдап, сол жылы Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыкалық жоғарғы колледжінің студенті атандым. Онда халық аспаптар кафедрасында білім алып, баян аспабын таңдадым, – дейді қатардағы жауынгер Әсет Темірбаев.

Өнерлі өреніміз осылайша оқуын ойдағыдай аяқтайды. Кейін Арал аудандық Мәдениет үйінің оркестр құрамына жұмысқа алынады. Осы сәтте қатарластарының Отан алдындағы борышын өтеуге аттанып жатқанын естіп, шет қалмай әскерге баруды шешеді. Сөйтіп, Абай гарнизонына қарасты 44793 әскери бөліміне мерзімді әскери қызметін атқаруға келген.

Әскери бөлімде қолы сәл босай қалса қаруластарымен ән айтып, баянда ойнағанды жақсы көреді. Әсет тек баянмен шектеліп қана қоймай, пианинода шебер ойнайды. Әскери бөлімнің қоғамдық жұмыстарына белсене қатысады. Қаруластарын өз өнерімен әрдайым қуантып отырады. Болашағынан зор үміт күттіретін сарбаз қазіргі таңда Алматы қаласындағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтына оқуға түсуге дайындалуда. Нақтырақ айтсақ, әскери дирижер мамандығын таңдап, ұлттық бірыңғай тестілеуден өтіп қойған. Енді шығармашылық сыннан өтсе, өнерін әскери институт қабырғасында жалғастырмақ.

Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button