ҚазақстанПрезидентТОП

Қасым-Жомарт Тоқаев жиында Ауғанстандағы жағдайға айрықша тоқталды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблея Кеңесінің отырысына қатысушылармен кездесуде Ауғанстандағы жағдайға айрықша тоқталды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Президенттің пікірінше, қазіргі кезеңдегі стратегиялық міндеттердің бірі – Ауғанстанды өңіраралық байланыстарға белсенді тарту.

– Қазақстан тәлібтер режимін террорлық ұйымдар тізімінен алып тастады. Өйткені қазіргі Ауғанстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту маңызды әрі бүгінгі режим ұзақмерзімді фактор болады деп ойлаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент бұл мәселеде ҰҚШҰ-ға мүше елдердің өзара келісілген ұстанымы болуы керек екеніне назар аударып, Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі аймақтық орталық құру туралы Қазақстанның бастамасын қолдауға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі заманның сын-қатерлеріне қарсы әрекет ету жүйесін жетілдіру қажет екенін ескере отырып, ҰҚШҰ күш-жігерін ұйым жарғысына сәйкес мүше-мемлекеттер үшін барынша өзекті әрі тиісті жұмыс бағыттарына жұмылдыруды ұсынды. Қазақстан аталған міндеттерді Ұйымға төрағалық ету кезеңінде басым бағыт ретінде белгіледі.

Атап айтқанда, Президент терррорлық қауіп-қатермен күресу және ҰҚШҰ-ға мүше елдер азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін пәрменді шаралар қабылдау қажет деп санайды.

ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік күштері мен құралдарының дайындық деңгейі әрдайым жоғары болуға тиіс. Мемлекет басшысы мұны тағы бір маңызды басымдық деп атады

– Ұйым төрағасы ретінде ҰҚШҰ-ның басқару органдарының, сондай-ақ күштері мен құралдары құрылымдарының жедел және әскери дайындығын күшейту үшін бірлескен іс-шараларды уақтылы жүзеге асыруға айрықша мән береміз. Биыл күзде Қазақстан аумағында «Мызғымас бауырластық-2024» және «Жартас-2024» оқу-жаттығу жиындарын өткізуге белсенді әзірленіп жатырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент төтенше жағдайлардың алдын алу және оның салдарын жою жөніндегі ынтымақтастықты Қазақстанның ҰҚШҰ-ға төрағалығы кезінде басымдық берілетін бағыт ретінде атап өтті.

– Өңіріміздегі су тасқынына байланысты қалыптасқан жағдай табиғат апатының қаупі қаншалықты зор екенін көрсетті. Қазақстанға оның салдары оңай тимеді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, еліміздегі су тасқыны кезінде тілеулестік білдіріп, көмек көрсеткені үшін мемлекеттеріңізге ризашылығымды білдіремін. Біз бұл қолдауды жоғары бағалаймыз – деді Президент.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button