Павлодарда тұрғын түнгі клубта жарақат алып, комаға түсті
Павлодарда 24 жастағы ер адам түнгі клубта ауыр жарақат алып, комаға түсті. Жәбірленушінің туыстары ол соққыға жығылған деп болжап отыр. Павлодар облысының полиция департаменті бұл деректі тергеп жатқанын хабарлады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
24 жастағы Әлішер Советханның жағдайы туралы әпкесі Рената Жұмаділова Instagram-парақшасында айтып берді. Қыздың айтуынша, Әлішер ауруханаға 27 мамырдан 28 мамырға қараған түні түскен.
“Ол мекемеге түнгі сағат бір шамасында әйелінің туыстарының шақыруымен барған, олардың бірі баласының дүниеге келуін атап өтті. Әлішермен бірге тағы төрт жігіт болған. Таңғы сағат 4.00 шамасында оның ауруханаға түскенін білдік. Оның комада жатқанына алты күн болды. Жағдайы өте ауыр, дене жарақатынан басқа, бас сүйегі екі жерден сынған, ми контузиясы, өкпе контузиясы бар, қабырғалары сынған, жамбасы екі жерден сынған”, – деді жәбірленушінің әпкесі.
Туысының айтуынша, барда не болғанын олар білмейді. Онымен бірге болған адамдар өзі жарақат алғанын айтқан.
“Алдымен олар баспалдақтан өзі секіріп кетті деді, кейін түсіп бара жатқанда құлап кеткенін айтты. Менің ойымша, барда жанжал болды және Әлішерді соққыға жыққан болуы мүмкін”, – дейді әпкесі.
Сондай-ақ, Рената Жұмаділова шақырту бойынша келген дәрігерлер мен полицейлер бірнеше минут мекемеге кіре алмағанын, себебі есіктер ішінен жабық болғанын айтты.
Мекеме басшылығы мәліметі бойынша, барлық қызметкерден жауап алынып, бейнебақылау жазбалары полицияға берілген.
Өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаның тергеліп жатқанын растады.
“Бұл дерек Павлодардың Оңтүстік полиция бөлімінде тіркелген. ҚР ҚК-нің 106-бабы 1-бөлігі “Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру” бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық қатысушылары анықталды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы мен себептері сотқа дейінгі тергеу барысында анықталады”, – деді ведомство баспасөз қызметі өкілі.
Сонымен қатар, Рената Жұмаділова белгісіз адамдар хабарласып, өтініш айтқанын айтты.
“Өтініштер түсті. Арызды қайтып алу үшін ақша ұсынды. Бірақ мен барлық кінәлі лайықты жазаға тартылуы үшін шындықтың ашылғанын қалаймын”, – деді ол.
Зардап шеккен павлодарлықтың жұбайы және екі жасар ұлы бар.
Semey News