Ұландықтар далалық жағдайда өткен фестивальге қатысты
Семейде әскерилер арасында “Шексіз психология” атты әскери психологтар фестивалі өтті. Екі күнге созылған іс-шараға мерзімді әскери қызметшілер қызмет атқаратын Қарулы күштер құрылымдары мен құқықтық тәртіп әскері қатысты. Далалық жағдайдағы жиынның жүзеге асуына ұйытқы болған “Аналар жүректері” сарбаздар аналары комитеті” қоғамдық бірлестігі.
- Қазіргі таңда кез келген әскери салада психологтардың маңызы зор. Өйткені, оларға жүктелетін міндеттер де үлкен жауапкершілікті талап етеді. Шараға отызға жуық әскери психолог қатысты. Фестиваль барысында оларға тәжірибелі зерттеуші психолог мамандар түрлі жаттығулар мен сабақтар өткізді. Менің ойымша, бұл фестивальден кейін олар өздерін әрдайым сергек қалыпта сезінеді, – дейді «Аналар жүрегі» сарбаздар аналары комитеті» республикалық қоғамдық бірлестігінің Абай өңірлік филиалының өкілі Айнұр Тәтерова.
Әскери сала әлеуетін дамытудың әсіресе, суицидтің алдын алу бойынша түрлі әдістемелер фестиваль барысынан көрініс тапты. Психологиялық жұмыстарды жетілдіруге бағытталған жиында 5511 әскери бөлімінің психологы капитан Айнұр Тұрарова арт-терапияның бір бағыты мандала терапиясы бойыша дәріс жүргізді.
- Мандала терапиясы адамның ішкі жан дүниесі сыртқа шығарудың бірден бір жолы. Психиканы емдеуде, сауықтыруда жиі қолданылады. Жалпы, мен бұл шарадан мол тәжірибе жинадым. Әскерге келетін кезекті жаңа толым алдында бойымызға қуат жинап, қауқарымыз арта түсті, – дейді 5511 әскери бөлімінің психологы капитан Айнұр Тұрарова.
Әскери психологтар дәріс тыңдаудан бөлек, көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын ойындар ойнап, теріс энергияны бойдан шығаратын билерді билеп, иогамен айналысты. Шара соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.
Еске салайық, қоғамдық ұйым атаулы жиынды қатарынан үшінші мәрте ұйымдастыруда.
Semeynews.kz