Абай облысыСемейТОП

Семей әуе базасына 80 жыл

Семей әуе базасына 80 жыл. Бүгінгі таңда әуе базасы әуе күштеріндегі үздік әскери бөлімдердің бірі болып саналады және еліміздің әуе кеңістігін күзету мен қорғауда жауынгерлік міндеттерді орындайды.

Семей қаласында орналасқан 54835 әскери бөлімі 80 жылдығын атап өтті. Абай театрында өткен салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері Әскери әуе күштерінің қолбасшысы генерал-майор Руслан Қоңыров, Қарулы Күштердің ардагері запастағы авияция генерал – майоры Жиентай Сандыбаев, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Дархан Ажибаев, Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков қатысты.

Салтанатты жиында алғаш болып сөз алған Әскери әуе күштерінің қолбасшысы генерал-майор Руслан Қоңыров әскери бөлімді мерейтоймен құттықтап, төтенше жағдай кезінде көмекке ұшқан ұшқыш аға лейтенант Серік Нұрсейтке Қорғаныс министрінің бұйрығымен уақытынан бұрын «капитан» шенін табыстады.

Келесіде сөз алған Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының орынбасары – бас басқарма бастығы полковник Талғат Сыздықов бас қолбасшының атынан жеке құрамға жылы лебізін жеткізіп, әскери бөлім командиріне құттықтау хат пен арнайы сыйлықтарын табыстады.

Бұдан кейін 1993 – 1995 жылдары әскери бөлім командирі болған Қарулы Күштердің ардагері запастағы авияция генерал – майоры Жиентай Сандыбаев әскери бөлімдегі кездері жайлы қысқаша сөз қозғап, жас буынға сәттілік тілеп, жылы лебізін жеткізді.

Салтанатты шараға сондай-ақ Абай өңірлік гарнизонының әскери бөлім командирлері, мемлекеттік мекеме өкілдері және «Жасұлан» мектебінің оқушылары мен «Жас сарбаз» патриоттық қозғалысының мүшелері қатысты.

Айта кетейік, мерекелік кеш басталмас бұрын жинылған қауым әскери бөлімде қызмет ету барысында қаза болғандармен батыр бабаларымызға арнап «Мәңгілік алау» монументіне гүл шоқтарын қойды.

Іс-шара Гарнизондық офицерлер үйінің шығармашылық ұжымы дайындаған мерекелік концертпен аяқталды.

Тарихқа көз жүгіртер болсақ әскери бөлім сонау 1944 жылы Моңғолия Халық Республикасының Ундерхан қаласында құрылады. Ол кезде әскери бөлім кеңес-жапон соғысына қатысқан жойғыш авиациялық полк болған.  Соғыстың екі жылында барлау, шабуылдау, патрульдеу және жауға қарсы әуе мен жерде әскери қимылдарға қатысқан. Барлығы 116 рет ұшақтар әуеге көтерілген. Нәтижесінде полк ұшқыштары жау ұшақтарын, сондай-ақ ондаған паровоз, вагон, қоймалар мен ангарларды жойды. 1960 жылы 22 мамырда әскери құралым Жаңа Семей әуеайлағына көшіріліп, әуе шабуылына қарсы қорғаныс міндеттерін орындады. КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстан Республикасының ӘӘК құрамына кірді.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button