Абай облысыБілімТОП

Абай облысындағы колледждерде оқушыларға кәсіптік бағдарлау лагерлері ұйымдастырылады

Маусым айында төрт колледжде кәсіптік бағдарлау лагерлерін ашу жоспарлануда. Лагерьлер балаларға демалумен қатар түрлі салада кәсіби дағды мен қызығушылықтарды дамытуға мүмкіндік береді. Жаз маусымында 400-ге жуық баланы қамту жоспарлануда, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

«ЭКОorman» лагері Бесқарағай колледжінде ұйымдастырылады. Оның басты мақсаты — балалардың жазғы демалысын тиімді әрі көңілді өткізуге, салауатты өмір салтын ұстануға, экологиялық тәрбие мен білімді шыңдауға бағытталған. Жобаның бірегейлігі – балалардың қоршаған ортаға және еңбекке эстетикалық көзқарасын қалыптастырудың ғылыми-білім беру бағытында ұйымдастырылуында. Мұнда ландшафтты дизайн, флористика, гүлдер, ағаштар мен көкөністер отырғызу, жылыжайда жұмыс істеу, сондай-ақ мамандықтар бойынша шеберлік сыныптары қамтылған. Сонымен қатар Шошқалы көліне экскурсия жоспарланған.

Радиотехника және байланыс колледжінің базасында құрылған «SmartkriS» кәсіптік бағдарлау лагері танымдық және жобалық жұмыстар арқылы IT-құзыреттер саласына бағыттай отырып, баланың әлеуметтік қалыптасуы мен дамуына жағдай жасайды. Бұл жобаның бірегейлігі «World Skills» халықаралық стандарттарына сәйкес IT-бағытты дамытуында. Балалар ойын моделі арқылы жобаларын қорғайды. Компьютерлік графика, веб-дизайн, бағдарламалау, мобильді робототехника, желілік және жүйелік басқару, заттар интернеті, ақпараттық кабельдік желілер, электроника және CAD инженерлік графикасы сияқты бағыттармен айналыса алады.

Геологиялық барлау колледжінде «Жас геолог» кәсіптік бағдар беру лагері ашылады. Оның мақсаты – геология ғылымдарына баса назар аудара отырып, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, жастарды геология саласына тарту және танымдық қызығушылықтарын дамыту. Лагерь бағдарламасы аясында балалар минералогия мен петрографияны, геологияны, гидрогеологияны, магнитометрияны, мұнай мен газды іздеуді, қауіпсіздік техникасының негіздерін зерттейді. Лагерь 60 баланы қабылдайды.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button